Chania
505
21.12.2020
Қостанайлық Ипбергеновтар жанұясы «Парасатты отбасы» онлайн байқауында жүлдегер атанды

Байқау Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Қостанай облысы бойынша Департаменті «Парасатты отбасы» онлайн байқауын өткізді.

Негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау және парасатты тұлғаның қағидаттарын насихаттау.

– Біз осы жұмыста ерекше белсенділік танытқан арнайы мониторингтік топ мүшелеріне, ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелеріне, журналистерге және пандемияның күрделі кезеңінде өз уақытын да, күшін де аямай қоғам мүддесін қорғаған қарапайым жанашыр азаматтарға алғыс айтамыз. Бұл жұмыс сыбайлас жемқорлықтың алдын алады деп сенеміз, – деп атап өтті іс-шара барысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.

«Азаматтық бақылау» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған «Парасатты отбасы» байқауының қорытындысын жариялады. Қостанай қаласы бойынша Ипбергеновтар отбасы жүлделі 2-орынды жеңіп алды.

– Отбасына ең керегі қамқорлық, жылулық деп білемін. Біздің отбасымыз қазақ салт-дәстүрлерін сақтап, бауырмалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ұлттық болмысты биік ұстаған қарапайым қазақ жанұясы. Отан – отбасынан басталады. Дүниеде баланың бал күлкісінен артық, жарыңның жан шуағынан өткен жылу, шаңырағыңның шаттығына жетер байлық жоқ. Осы баға жетпес бақыт мұрасын бір-ақ сәтте күл-талқан етіп алмас үшін сыбайлас жемқорлықтан аулақ болайық. Оңай олжа опа бермейді. Қоғамның жегі құрты жең ұшынан жалғасқан жымысқы тіршіліктің түбі қорлық, – дейді Ипбергеновтар отбасының анасы Ағжан.

Отбасы байқауынан бөлек «Парасатты қоғам» тақырыбында өңір студенттері арасында бейнеролик байқауының да жеңімпаздарын анықтады.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер бірнеше жыл ішінде мемлекеттік органдар мен облыс жұртшылығы арасында жақсы дәстүрге айналып келеді. Адалдық пен әділдік күнделікті мінез-құлықтың нормасы болуы үшін әлеуметтік зұлымдыққа қарсы іс-қимылда бүкіл қоғамды біріктіру қажет екендігін айтады.

Источник: https://top-news.kz/ostanajly-ipbergenovtar-zhan-jasy-parasatty-otbasy-onlajn-baj-auynda-zh-ldeger-atandy