Достық Үйінде өткен мерекелік іс-шараға поляк этномәдени бірлестігінің мүшелерімен қатар, өзге бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Бейбітшілік пен татулықтың қара шаңырағы болып табылатын Достық Үйінде біз өзімізді еркін сезінеміз, тілімізді үйренеміз, салт-дәстүрімізді танытып, ұлттық мерекелерімізді тойлаймыз. Кез келген мемлекет үшін Тәуелсіздік күні басты мереке деп санаймын. Польша елі бұл мерекені жүз бірінші рет тойлауда. Польша үш рет Еуропаның сан түрлі қуатты мемлекеттерімен бөлінді. Жүз жылдан астам уақыт әлем картасында болған жоқ. Сондықтан бұл мерекенің орны бөлек, біз тарихи Отанымыздың тәуелсіздігін бағалаймыз. Біз кезінде белгілі бір себептермен Қазақстанға келдік. Қазақ елі біздің екінші Отанымызға айналды. Біз, балаларымыз мен немерелеріміз бейбітшілік пен келісімді ту еткен Ұлы дала елінде өмір сүрудеміз, бұл үшін Аллаға мың алғыс», - дейді бірлестік төрағасы Виктор Радомский.
«Тәуелсіздік - бұл, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мәдени кодты сақтау, халықтың тілін, мәдениетін, дәстүрін және тарихын сақтау. Мен бірлестіктің алғашқы төрайымы Ромуальда Стефановна Гицевичтің атқарған жұмысына жоғары баға беремін, бүгінде біз Виктор Леонидович Радомскиймен жұмыс атқарудамыз, біздің жұмысымыз жастар арасында бауырмалдықты қалыптастыруға және оларға жақсы үлгі көрсетуге бағытталған», - дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Бүркітқызы.
Этномәдени бірлестіктің белсенділері дайындаған Польшаның Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концертте бүлдіршіндер өлең айтты, Польша елінің ұлы композиторы Фредерик Шопеннің туындылары мен поляк тіліндегі әндер шырқалды. Сонымен қатар, «Горцы Ахыска» ансамблі мен украиндық «Лира» ансамблі ерекше өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.