«Отан отбасынан басталады» облыстық фестивалінде Қостанай облысының үздік отбасылары анықталды.
Аналар кеңесінің бастауымен былтыр Алтынсарин ауданында өткізілген жас отбасылар фестивалі биыл Лисаков қаласында өтті. Фестивальге қатысуға бес отбасы өтініш білдірді. Денисов, Қамысты аудандарының, Рудный, Жітіқара, Лисаков қалаларының жас отбасылары берекелі жанұяның үлгісін көрсетті.
Лисаков қалалық Мәдениет үйіндегі іс-шара аясында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге фестиваль қатысушыларының фотосуреттері, өз қолымен жасаған өнер бұйымдары, ұлттық тағамдар ұсынылды.
Рудный қаласының намысын қорғаған Жұмабек әулетінің қолынан шыққан бұйымдар жиналған қауымның қығығушылығын тудырды.
«Бос уақытымда сүйектен бұйымдар жасаймын. Жұбайым әрдайым қолдау танытады, достарым көмектеседі. Кейбір бұйымдар кәдесыйға жараса, тұмар сынды дүниелер зиянды тылсым күштерден, тіл-көзден сақтайды», - дейді отағасы Кейкі мырза.
Қара шаңырақтың ұйтқысы болып отырған Гүлмира ханым кілем тоқумен айналысады. Көрмеге қойылған кілемі көздің жауын алады. Олардың үш жасар қызы, кішкентай ханшайым қолына микрофон алып, ән айтты.
Жітіқара қаласынан келген Сағындық және Әйгерім Әлімбековтар бар өнерлерін ортаға салды. Шымкент қаласының тумалары Алматы қалалық медициналық институтта танысып, отау құрыпты. Қостанай облысына жұмыс бабымен келген ерлі-зайыпты қазірде екі бүлдіршіннің ата-анасы.
«Біз аудандық емханада жұмыс жасаймыз. Жұмысымыз ұнайды, себебі, адамның жанына араша түсеміз. Қоғамдық іс-шараларға қатысуға тырысамыз. Былтыр аудандық байқауға қатыстық, биыл облыстық жас отбасылар фестиваліне қатысуды ұйғардық. Қазақ халқының ұлттық тағамы - жент дайындап, көрмеге ұсындым. Отбасымызбен ән салуды ұнатамыз, әсерлі әніміз жиналған қауымның көңілінен шығады деген үміттеміз», - дейді абзал ана.
Облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Марионелла Слесарь, Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, Зәуре Кәрбенова, «Ұлы дала ұрпақтары» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Гүлжәмилә Сүндетбаева, Лисаков қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Светлана Шанина, Лисаков қаласының құрметті азаматтары Бақтылы және Сағидолла Мұқатаевтар әрбір жанұяға баға беріп отырды.
Әділқазылар алқасы көрмені тамашалап болғаннан кейін фестивальдің негізгі кезеңі басталды. Алғашқы таныстырылым кезеңінде отбасы мүшелері өздерін таныстырды, кейбіреулері слайдшоу дайындаса, кейбіреулері ән айтып, күй шертті.
Іс-шараның келесі кезеңінде қатысушыларға қызықты сұрақтар қойылды. Байқаудың соңғы кезеңінде әрбір отбасы қазақ халқының құдалық, бесік той, беташар сынды дәстүрлерін көрсетіп, бата берді.
«Вдохновение» би ұжымының, «Нұр-Әуен» студиясының әртістері, «Подснежники» балалар хореографиялық ансамблі және Қостанайлық Анель Пимичева өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль қорытындысы бойынша Рудный қаласының намысын қорғаған Жұмабек әулеті «Он саусағынан өнер тамған отбасы» номинациясына ие болды, Жітіқара қаласынан келген Әлімбековтар отбасына «Ең көңілді отбасы» номинациясы, Денисов ауданының атын шығарған Қошановтар жанұясына «Ең өнерлі отбасы» номинациясы бұйырса, Қамысты ауданынан келген Жаңаберген әулеті «Дәстүрлерді дәріптейтін және сақтайтын отбасы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Фестиваль соңына қарай барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен гүлшоқтары ұсынылды.