Chania
708
25.09.2019
Отбасылық құндылықтар басты назарда болуы қажет

«Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» жобасының психологтары Әулиекөл ауданының тұрғындарына кеңес берді.  Мамандар С. Баймағамбетов атындағы мектеп-гимназиясында педагог қауыммен кездесті. Іс-шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Аққожина Бибігүл Бүркітқызының алғысөзімен басталды.

«Қазақстан Республикасының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Еститін мемлекет» деген тұжырымдаманы енгізу туралы сөз қозғады, бұл ретте біз де өз үлесімізді қосайық. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан төрт консультативтік-кеңестік орган құрылған. Олардың бірі «Отбасын қолдаудың ресурстық орталығы» атты әлеуметтік маңызды  жобаға бастамашы болған Аналар кеңесі. Бұл жобаның маңызы өте зор, себебі отбасылық құндылықтарды сақтау, насихаттау алдыңғы қатарлы міндеттердің бірі»,- дейді хатшылық меңгерушісі.

«Өкінішке орай, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша Қостанай облысы алдыңғы төрт облыстың қатарында. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары бастапқы үш орында. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін отбасында тиімді қарым-қатынас орнатудың қыр-сырын білу қажет, балалардың, әсіресе жасөспірімдердің жан дүниесін түсінуге тырысу қажет, бұл ретте біз  көмек  көрсетуге әрдайым дайынбыз», - деді  Қазақстан психологтар Одағының жетекші сарапшысы, Әлеуметтік технологиялар институтының директоры Қармысова Гүлмира Сансызбайқызы.

Іс-шара барысында Ұлы дала елінің біртуар азаматы, Кеңес одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылатын шаралар талқыланды.

«2020 жылдың 1 сәуірінде Сұлтан Баймағамбетовтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Балаларымызға халық қаһарманының ерлігін танытуды құп көремін. Сонымен қатар, мерекеге аға буын өкілдерімен қатар, балаларымызды, жас өрендерді де қатыстыру қажет. Олар әлеуметтік желілер арқылы іс-шаралар ұйымдастырсын, шығармалар жазсын, игі істер жасасын», - деді Бибігүл Аққожина.

Психолог білім ордасының қабырғасында ашық дәріс өткізсе,  аудандық Мәдениет үйінде жоғары сынып оқушылары облыс орталығынан келген қонақтармен кездесті. Бибігүл Бүркітқызы оқушыларға әлеуметтік желілердегі парақшаларын жауапкершілікпен және тиімді пайдалану қажеттігін жеткізіп, жастарды дамытуға бағытталған бағдарламалармен таныстырды, отансүйгіштікке шақырып, еріктілер қозғалысы туралы баяндап берді.

Іс-шара соңына қарай барлық қатысушылар Сұлтан Баймағамбетов атындағы музейді, мектеп-гимназия музейін аралап шықты.