Chania
714
18.09.2019
Мемлекеттік тіл - татулық тірегі

Облыстық Достық үйінде «Мың бала» және «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобалары аясында өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған үшінші облыстық «Мың бала» байқауы өткізілді. Іс-шараға Қостанай облысының  қалаларынан және аудандарынан  келген 14 оқушы қатысты.   Украин, татар, өзбек, әзірбайжан, кәріс ұлттарының өкілдері бақ сынасты. Оқушылар ұлттық киім киіп келді. Биылғы іс-шарада балалар эссе жазып, өзін-өзі таныстырып, «Бәйге» кезеңінің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, Ұлы дала елінің біртуар ақыны Абай Құнанбайұлымен (рөлін сомдаған театр актеры) бір сахнада тұрып, қаламгердің өлеңдерін оқыды.

«Биыл бүкіл әлем бойынша Ұлы ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған ауқымды челлендж өткізілді. Оқушылар қатысқан театрландырылған қойылымның мақсаты - Ұлы ақынның қаламынан шыққан қайталанбас туындылардың бүгінде ел аузында жүргендігін таныту», - дейді Достық Үйі басшысының орынбасары Айжан Бекманова.

Оқушылар іс-шара басталмас бұрын «2019 жыл – Жастар жылы» тақырыбына эссе жазды.  Қатысушылар эссе жазуда шамалы қиналды, алайда барлығы жақсы жазып шығуға тырысты. Таныстыру кезеңінде оқушылар өздерін, өз отбасын танытатын слайдтар көрсетті, өлең оқыды. Қарабалық ауданынан келген Эрика Белаец «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, Амангелді ауданынан келген Эльвира Новицкая күй шертті.

Байқаудың «Бәйге» деп аталатын соңғы кезеңінде оқушылар Қазақстанда тұратын сан түрлі халықтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Қостанай қалалық М. Горкий атындағы гимназия оқушысы Али Гаджиев көптеген сұрақтарға дұрыс жауап берді.

Әділқазылар алқасы  шешім қабылдап, байқау жеңімпаздарын анықтау үшін уақыт қажет болды, сол аралықта «Мирас» Мәдениет сарайының  әртістері көрермендерге өз өнерлерін паш етті.

Амангелді ауданынан келген Эльвире Новицкая бірінші орынға, қостанайлық Али Гаджиев екінші орынға, Лисаков қаласынан келген Анита Кан үшінші орынға ие болды. «Ата – Мекен» Қазақ ұлттық-мәдени қоғамдастығының президенті, Санкт-Петербург қаласының Үкіметі жанындағы Консультативтік кеңес мүшесі Сарсенғали Құспанов барлық қатысушыларға сыйлықтар мен дипломдар ұсынды.

«Мен өз күшіме сеніп келдім, қазақ тілін жақсы білемін, отбасымның барлық мүшелері қазақ тілінде сөйлеуге тырысады», - дейді іс-шара жеңімпазы Эльвира Новицкая.

«Мен екінші орын алғаныма әлі сене алар емеспін. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. Ұлтым – әзірбайжан, әжірбайжан тілі мен қазақ тілі ұқсас, сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру  мен үшін оңай», - дейді  Али Гаджиев.

Үшінші орынға ие болған Анита Кан мемлекеттік тілде өтетін байқауларға жиі қатысады. Қалалық байқауларда талай рет жеңімпаз атанған. Бойжеткен қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін меңгеруде, бимен айналысады, вокал үйірмесіне қатысады.

Іс-шара соңына қарай барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар мен дипломдар табысталды.