Chania
643
11.09.2019
Облыстық Достық Үйіннің жанындағы жексенбілік мектептер Ашық есік күнін ұйымдастырды

Іс-шараға жиналған қауым армян, поляк, украин, татар, башқұрт және корей тілдерінің оқытушыларымен танысып,  тіл меңгертуге бағытталған тегін курстарға жазылды. Корей тіл мектебіне 20 минут ішінде 12 адам жазылды. Поляк тілін меңгеруге ниетті тұрғындар да көп болды.
Изитта Абдулла Польша елінде білім алмақшы. Шетелге бармас бұрын поляк тілін меңгеруді жөн санайды. 
«Мен визамды күтіп жүрмін. Поляк тілі тек сөйлеу үшін ғана емес, сол тілде өмір сүріп, білім алуым үшін, халықты танып, білу үшін керек, сондықтан поляк тілін меңгеруім қажет.  Виктор Леонидович мені тіл мектебіне қабылдады, азаматтарға мұндай мүмкіндік сыйлаған ұжымға ризашылығымды білдіремін», - дейді бойжеткен. 
«Мен күнделікті белгілі бір жұмыс атқарамын, ал, қазір өміріме өзгеріс енгізгім келеді. Тіл меңгеру арқылы мен тұлға ретінде жан-жақты қалыптасамын. Білім - әр адамның рухани азығы. Көп тіл білетін адамның ойлау аумағы, ой өрісі кең болады. Поляк тілін таңдауымның себебі, маған Польша елі ұнайды», - дейді поляк тілін меңгеруге келген Дарья Тимина. 
«Менің әкем, атам украин тумалары, сондықтан өзімнің этникалық отанымның мәдениетімен танысып, туған тілімді білгім келеді», - дейді  тіл үйренуге келген бір ару. 
Достық үйінің жанында армян, татар және башқұрт тілдерін меңгертетін жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. 
«Башқұрт тіл мектебі ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Қатысушылырамызды екі топқа бөліп оқытамыз. Бүлдіршерге тақпақ жаттатсақ, аға буын өкілдеріне ұлттық әндерімізді үйретеміз», - дейді башқұрт тілінің оқытушысы Фирдаус Дик. 
Жексенбілік тіл мектептерінде сабақтар тегін жүргізіледі.  Тіл мектебіне жазылғыңыз келсе  50-10-30 телефонына хабарласыңыз.