Chania
652
09.09.2019
Тіл - достық тірегі

Облыстық Достық Үйі этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған «Тілге құрмет – елге құрмет» фестиваліне қатысты.

№ 6997 әскери бөлім ұйымдастырған іс-шараға «Ахыска» түрік қоғамдастығы төрағасының орынбасары Рагим Абилов пен «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени орталығының белсенді мүшесі Анель Пимичева қатысып, жиналған қауымға жылы лебіздерін жаудырды.

«Біздің облысымызда сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Біз бәрімізге ортақ құндылықтарымызды сақтап қалдық, қазірде берекесі артқан киелі мекенде тату-тәтті өмір сүрудеміз. Достық пен келісімнің негізгі тірегі – тіл. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІІ сессиясында «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек... Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет» деп атап көрсеткен болатын. Тіл — ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі», - деді Рагим Абилов.

Ерекше дауыс иесі, жас өнерпаз Анель Пимичеваның қазақ тілінде орындаған әсерлі әні іс-шара қатысушыларының көңілдерінен шықты.

Іс-шараның ресми бөлімінен соң, жауынгерлер төрт топқа бөлініп, қазақ, неміс, украин және ұйғыр халықтарының мәдениетінен хабар беріп, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар әзірлеп, қонақтарға үлестірді.