Chania
641
03.09.2019
Батамен ел көгерер

Этномәдени бірлестіктер мен консультативтік-кеңес органдарының өкілдері Білім күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, ұстаздарға, оқушыларға, ата-аналарға  ақ тілектерін жеткізді.

«Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз. Сіз бен біздің осынау салтанатты іс-шарада бас қосуымыз  өзара келісім мен татулықтың, бейбітшіліктің арқасы. Ұлы дала елінің Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Халқы Ассамблеясын құру туралы жарлығы болашақты болжай білген, көрегенді шешім болды. Қоғамдық келісім, ұлтаралық татулық, толеранттылық  тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі күнін айқындап, келешегіне жарқын жол көрсетті. Осының арқасында біз бүгінде бүкіл әлем мойындаған өркениетті мемлекетте тұрып жатырмыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ қана ісіміз өрге баспақ. Жан-дүниемізді ізгілікке, мейірімге толтырсақ қана әр шаңыраққа құт қонып, береке орнайды», - деді  №1 мектеп-лицейдің ұжымымен қауышқан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян.

Сонымен қатар, ол 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы тойланатындығын жеткізді.

«2020 жылы Сіз бен Біз бейбітшіліктің, толеранттылық пен келісімнің, ұлтаралық бірліктің  институтына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  әрбір қазақстандық үшін маңызды іс-шараға дайындалып жатыр. Бәріміз бірге еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз деген сенімдемін», - деді Шушаник Саркисян.

Этномәдени бірлестіктер өкілдері мен консультативтік кеңес органдары қалалық 10 мектептің ұжымымен кездесіп, ақ тілектерін жаудырып, жылы лебіздерін білдірді.