Chania
648
26.08.2019
Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің шекаралас ынтымақтастығы аясында "Tobyl - dostyq ózeni" атты бірінші халықаралық жастар лагері өтті.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қорған, Тобольск қалаларының (Ресей), Қостанай, Жітіқара, Лисаков, Рудный қалаларының өкілдері үшін «Белая юрта» («Ақ шаңырақ») демалыс аумағында жастар лагерін ұйымдастырды. Лагерьдің мақсаты -  Тобыл өзенінің бойында тұратын қалалардағы  жастардың басын қосып, таныстыру,  өзара білім, пікір алмасу, мәдениетаралық диалог құру және өзара ынтымақтастықты нығайту. Іс-шараны Қостанай қаласына арнайы сапармен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұрболат Наржанов ашты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясымен ұйымдастырылған бұл маңызды іс-шараның міндеті - жас ұрпақты тарту арқылы жалпыұлттық бірлік пен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас ынтымақтастығының аясындағы бұл лагерь шексіз достықтың тағы бір айғағы. Екі мемлекет рухани және географиялық тұрғыдан тығыз байланыста, өзара қолдау танытады, бірлескен жобаларды іске асырып, халық игілігі үшін қызмет жасайды», - дейді Нұрболат Наржанов.

Іс-шара аясында жастар қанатының белсенді мүшесі Абылайхан Кәкенов Тобыл өзенінің жағалауын тазарту бойынша экологиялық сенбілік ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді. Бұл идеяны Қостанай облысының қатысушылары ғана емес, Ресей Федерациясының өкілдері де қолдады. Эко-челлендж 21 қыркүйек күні  басталмақ.

Лагерь бағдарламасы аясында  жастар үшін жаттығулар ұйымдастырылды, олар командаларға бөлініп,  таңертеңгілік жаттығу жасады, соның арқасында балалар тез ашылып, бір-бірімен еркін тіл табыса бастады. Жаттықтырушы, «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Әділ Дикетаев  жастарды денсаулыққа пайдасы зор жаттығулар топтамасымен таныстырды.

Қатысушылар Жастар сарайында өткен  Қазақстан ұлттық театрларының V республикалық фестивалінің жабылу рәсіміне қатысты. Олар қазақ зиялыларын: Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин мен Міржақып Дулатовты сомдаған әртістермен суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді, жастар сарайын аралады.  Жастар сарайынан шыққан жастарға экскурсия өткізілді, Қостанайдың тарихи, көрікті жерлері туралы әңгіме айтылды, олар Қостанай қаласының 140 жылдығына  сыйға тартылған жұлдызнама белгілеріне лента байлап, тілектерін жазып қалдырды.

«Біз Қазақстанға алғаш келіп тұрмыз, барша қауым бізді жылы шыраймен қарсы алды. Қостанай - көрікті қала, мейірімді жандардың мекені. Біз жастар лагеріне жиі қатысамыз, ал Қостанай жеріндегі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған»,  - дейді Тобольск қаласынан келген жастар.

Іс-шара қатысушылары үшін демалыс аумағында  «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойны ұйымдастырылды. Жас өрендер алғырлық танытып, көптеген сұрақтарға дұрыс жауап беріп, жақсы нәтиже  көрсетті.  Сонымен қатар, қонақтар үшін мерекелік кешкі ас пен «Этно-party»  ұйымдастырылды.

Іс-шараның екінші күні  таңертеңгілік жаттығудан басталды. «Татар қызы Қостанай – 2019» байқауының қатысушысы Ильнара Мингазова жастармен бірге жаттығу жасап, бойларын сергітті.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов жастарға дәріс оқыды. Ол Ассамблеяның қызметі туралы баяндап, толеранттылықтың маңыздылығын жеткізді, тиімді ұлтаралық қарым-қатынас құрудың негізгі ережелерін үйретті.

Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, «Қазақтелеком» АҚ бөлім басшысы Индира Иванова мемлекеттік тілді жетік меңгергендігінің арқасында қызмет жолында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Жастар тілдерді дамытуға қатысты мәселелерді талқылап, тіпті тілдерді меңгертуге бағытталған педагогикалық тәжірибені жақсарту жөнінде ұсыныстар келтірді.

«СТЭМ» халықаралық білім беру орталығының директоры Абылайхан Кәкенов жастарға 4-ші өнеркәсіптік революция жағдайында тұлғааралық қатынастарды дамыту  жөніндегі баяндамасын оқып берді,  жас өрендер бапкермен пікір алмасып, өз ойларын, ұсыныстарын жеткізді.

Іс-шара қатысушыларына дипломдар, алғыс хаттар табысталып, тәтті сыйлықтар ұсынылды.

«Мен жастар форумына жиі қатысамын. Ал, бұл іс-шара өте маңызды, себебі мен өзімнің тарихи отаныма келдім. Мамыр айында өткізілген 1000-нан астам адам жиналған Қазақстан-Ресей жастар форумына қатысқан болатынмын. Ал, лагерде адам аз, сондықтан жаңа дос табу мүмкін. Біз сияқты жастар үшін бұл тиімді демалыс, себебі, екі күн бойы жинаған білімімді өмірімде қолданамын деген сенімдемін. Біз Қостанай жоғары политехникалық колледжінің еріктілеріне және біздің басымызды қосқан іс-шара ұйымдастырушыларына көп алғыс білдіреміз», - дейді Қорған қаласынан келген Талғат Қайдаров.

Жастар бір-бірімен телефон алмасып, әлеуметтік желілердегі аккаунттарымен бөлісті, екі мемлекеттің шекаралас ынтымақтастығы аясындағы екінші жастар лагерінде кездесуге бел байласты.