Chania
529
26.08.2019
Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері  ауыл әйелдерінің V облыстық форумына қатысты.

Әлеуметтік маңызды істермен айналысып, белсенділік танытып  жүрген 150 ару үшін «Золотой фазан» қонақ үйінде кездесу ұйымдастырылды. Әйелдер үшін сұхбат алаңдары құрылды, ауылшаруашылық саласын және кәсіпкерлікті жетілдіру жөніндегі тың жаңалықтар хабарланды.  
«Ауыл әйелдерінің форумы бүгінде пікірталас айдынына, демонстрациялық алаңға айналуда.  Ауылдағы іскер  әйелдердің  басын қосу  маңызды іс, себебі олар өзара тәжірибе алмасады, кәсіби қарым-қатынас құрады», - дейді іс-шара ұйымдастырушылары. 
Аталмыш форумға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері:  «Ұлы дала ұрпақтары»  қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері мен «Ақ дариға»  ансамблінің әншілері қатысып, 8 айлық  Нұрәлінің қатысуымен «бесікке салу» және «тұсаукесер»  рәсімдерін көрсетті. 
Іс-шара қатысушылары киіз үйдің ішіне  төселген «ақ жол» бойымен   бүлдіршінді жүргізіп, тұсауын кесті,  ол жол бойында жатқан заттардан: кітап, қамшы, ұялы телефон және домбыраның ішінен қамшыны таңдады. 
Баланың тұсауын  құрметке ие тұлға кесуі қажет, себебі сол адамның бойындағы ізгі қасиеттер сәбиге дариды  деген сенім бар. Сондықтан, Нұрәлінің тұсауын Нұр-Сұлтан қаласынан келген «EXPO & Women»  халықаралық ұйымының директоры Салтанат Рахымбекова кесіп, кішкентай ханзадаға ертегілер жинағын сыйлады. 
Салтанат Рахымбекова:  «Бұл баланың өміріндегі алғашқы сыйлығы.  Бүлдіршініміз ержетіп, ақылды да парасатты азамат болсын, ірі кәсіпкер немесе белгілі бір мекеменің тізгінін ұстайтын басшы болсын», - деп ізгі тілегін жеткізді.