Облыстық Достық Үйінде өткен Не? Қайда? Қашан? атты зияткерлік іс-шараның қатысушылары ойынды тең ұпаймен аяқтады.
20 тамыз күні зияткерлік ойынның қорытынды кезеңі ұйымдастырылды. Алдыңғы үш ойында 15 ұпайдан жинаған екі команда, яғни Айбек Шалғынбекұлы бастаған «Тобыл ойшылдары» мен Балсұлу Әлекенова бастаған «1424» командасы өзара бақ сынасты. Ойын барысында редакторлық топ мүшелері және ойынның мәресіне жете алмаған ойыншылар бірталай қызық сұрақтар жаудырды. «Nadzieja» поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Радомский Речь Посполитаяның көрнекті ұлы туралы сұрақ қойды. Қатысушылар тарапынан Фредерик Шопеннің аты аталмаса да «Алтын адамдар» командасының бұрынғы ойыншысы зияткерлік турнир қатысушыларына жеке сыйлықтарын ұсынды.
Еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Ольга Куперман ханукалық шырағдан туралы сұрақ қойды. Ойынды ерекше қарқынмен бастаған «1424» құрамасы бұл сұраққа бұлжытпай жауап қайтарды. Композтор-скрипкашы Глеб Николенконың туындысы шырқалған музыкалық үзілістен кейін «Тобыл ойшылдары» ойынға белсенді қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап беріп, ұпай жинай бастады.
«Mea culpa» командасының капитаны Әділ Дикетаевтың және «Алтын адамдар» командасының капитаны Александра Суслованың күрделі сұрақтарына ойын қатысушылары жауап қайтара алмады. Александра Суслованың сұрағы «үздік сұрақ» деп танылды.
Венгрияда тұрып жатқан Қостанай қаласының бұрынғы тұрғыны Юлия Богочуктың қазақтар мен мажарлардың генетикалық ұқсастықтарын айғақтайтын дәлел табылған аймақ туралы сұрағына «Тобыл ойшылдары» командасы қиналмастан жауап берді. Команда капитаны Қостанай облысының Торғай ауданында өткізілген экспедицияға өзі қатысқан екен.
Ойын соңына қарай қос команданың ұпайлары тең түсіп, жеңімпазды анықтау үшін қосымша сұрақ қойылды. Қосымша сұраққа жауап қайтарылмады. Ойын мәресіне жеткен білімпаздар - нағыз мықтылар, себебі білімді мыңды жығады. Ойын қатысушыларына алдыңғы ойындарда үкінің мүсіні сыйға тартылған болатын. Ал, достық пен ауызбіршіліктің, ақыл-парасаттың белгісі болып табылатын Хрусталь Үкі Достық Үйіндегі мұражайдың төрінен орын алмақ.