Қостанай облысының украин қоғамдығы Достық Үйінің қолдауымен «Ладья дружбы» шахмат-дойбы турнирін ұйымдастырды.
Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған іс-шара әдеттегідей А. Уфимцев атындағы шахмат клубының қабырғасында өтті, жарысты украин қоғамдастығының төрағасы, гроссмейстер Петр Костенко ашты.
«Әрбір ұлтты танытатын ойын бар, мәселен, армян халқы нарды ойнымен, қазақ халқы «тоғызқұмалақ» ойнымен танымал, ал шахматты барша қауым ойнайды, сондықтан да, біз үшін шахмат - достықты нығайтудың құралы», - дейді Петр Костенко.
Іс-шараға елуден астам адам жиналды. Шахматшылар 5 минуттан 9 партия ойнаса, дойбышылар бес минуттан 2 партия ойнады, яғни іріктеліп шыққан 8 адам өзара бақ сынасты. Дойбы ойыны бойынша Қазақстан Республикасының чемпионы, украин қоғамдастығының белсенді мүшесі Юрий Бондаренко дойбы ойынын насихаттау қажеттігін жеткізді.
«Облысымыздың Әулиекөл ауданында дойбы ойнын меңгертетін жақсы мектеп бар, онда біздің ізбасарларымыз зияткерлік ойынның қыр-сырын меңгеруде. Қостанай қаласында жарыстар ұйымдастырылады, алайда қатысушылардың саны аз. «Ладья дружбы» сынды турнирлер арқылы жастардың зияткерлік ойындарға деген қызығушылығы артады және жас өрендер бос уақытын тиімді ұйымдастыра алады» , - дейді Ю. Бондаренко.
Турнир қорытындысы бойынша Альрами Алдабергенов, Шыңғысхан Сержанов және Сергазин Алмат жеңімпаз атанды. Ер балалар арасынан Ануар Мұсаев, Жанәлі Ізбасар және Алан Игіліков жеңіс тұғырына көтерілді. Қыздар арасынан Даушева Айя, Рамазанова Данеля мен Аминова Даянаның бақтары жанды, ардагерлер қатарынан Валерий Вишниченко мен Жұмағұл Дощанов қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Дойбы ойыны бойынша Абай Доскенов пен Юрий Бондаренко бірінші орынды өзара бөлісіп алды.
Жарыстың барлық қатысушыларына естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.