Облыстық Медиация кеңесі облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Татулықтың мекені болып табылатын Достық үйінде Республикалық бірыңғай медиация күні аясында облыстық Медиация кеңесі, облыстық білім беру басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы үштігі өзара әрекеттестік орнату туралы шешім қабылдап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Биылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес медиация арқылы шешілген істердің саны 6,8% - дан 14,1% - ға дейін артқан.
Қостанай облыстық сотының судьясы, бітімгершілік рәсімдерді жүзеге асыратын қызметкер Ағайша Нұрлымбаева бұл көрсеткішке жергілікті атқарушы органдардың және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаппай түсіндіру жұмысының арқасында қол жеткізілгендігін аңғартты.
«Қазіргі таңда біз үш жобаны іске асырудамыз. Бірінші жобамыз - «Отбасылық сот». Бүгінде ерлі-зайыптылар мемлекет тарапынан ұсынылатын жәрдемақыға ие болу үшін ажырасып жатыр. Біздің мақсатымыз – олардың ажырасуына себеп болған басты жағдайды анықтау, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу. Екінші жобамыз жұмыс берушілер мен қызметкерлердің, ұжымдардың арасындағы еңбек дауларын шешуге бағытталған. Мұндай жайт туындаған жағдайда медиацияға жүгінеміз. Үшінші жоба – ювеналды соттың жанындағы «Ресурстық қолдау орталығы». Қостанай, Лисаков, Арқалық, Рудный қалаларындағы сот ұйымдарының жанынан құрылған орталықтардың жұмысы көңіл қуантады», - дейді қара қылды қақ жарған маман.
«Денсаулық сақтау саласындағы медиацияны дамыту аса маңызды іс. Нәресте шетінеп кеткен жағдайда ата-аналар дәрігерлерге айып тағады, әрине олардың да жан күйзелісін түсінуге болады. Мұндай жағдайда медиатордың қызметін өзім атқардым. Дәрігер мен емделушілерді бітімгершілікке шақыру оңай емес. 25 жылдық тәжірибемде басымнан кешкен жайттар аз емес. Бәрі Жаратушының қалауымен болатынын естен шығармаған жөн. Ал денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары өз мамандарына медиация негіздерін меңгертуі тиіс. Бұл меморандум денсаулық сақтау саласындағы медиацияны дамытудың бастау көзі болады деген ойдамын», - дейді денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қызметкері Көпей Малшыбаева.
Білім беру саласындағы медиация қарқынды дамуда, бұл жұмыс жанданбақ.
«Меморандум жасасу арқылы біз балалармен әрекеттестік орната алатын заңгердің көмегіне жүгіне аламыз. Балалардың отбасымен қарым-қатынас орнатамыз. Облысымызда 15 мыңнан астам ұстаз бар, біз ұстаздар мен ата-аналардың қарым-қатынасын реттейміз. Білім беру институттары мен отбасының арасындағы байланысқа үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Біздің жұмысымызда медиацияның маңызы зор. Қамқоршылық органдарының өкілдері медиаторлардың көмегіне зәру. Баланың жеке тұлғасына, ар-намысына тимейтіндей жұмыстар жүргізу қажет. Бұл ретте кәсіби медиаторға жүгінген жөн. Өкінішке орай, балалар мен ата-аналардың арасында, ата-аналар мен ұстаздардың арасында келіспеушіліктер жиі орын алады. Мұндай жағдайда медиаторлардың қызметіне жүгінеміз. Барлық білім беру бөлімдерінде медиаторлар қызмет атқаруда. Қостанай қаласындағы №1 орта-мектеп, Горький атындағы гимназия, С. Мәуленов атындағы гимназия сынды ірі білім беру мекемелерінде (1000-1500 оқушы білім алатын) медиация кабинеттері жұмыс істейді. Қазіргі таңда балалар мен ата-аналарға білікті мамандар көмек көрсетуде», - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғаннан кейін іс-шара аясында студенттер үшін тренингтер ұйымдастырылды, кәсіби медиаторлар тегін кеңес берді.