Қостанай облыстық Достық Үйінде қоғамдық медиаторларға арналған семинар өтті.
Іс-шара аясында 25 қоғамдық медиаторға және тәжірибелі мамандарға медиацияның қолданылу саласы, дау-жанжалдарды бітімгерлікпен шешудің жолдары, жағымды қарым-қатынас орнату технологиясы және өзара дауласушы тараптармен жұмыс жасаудың маңызды принциптері таныстырылды.
Медиация институтын дамытуға үлес қосып жүрген «Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығы» қоғамдық қорының өкілдері Игорь Зуев және Сергей Богатырев жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
«Біз 2014 жылдан бастап әлеуметтік мәселелерді шешуге және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырамыз. Бүгін біз кәсіби емес медиаторлар үшін семинар өткіздік, қазіргі таңда облымызда 200-ден астам кәсіби емес медиатор бар, медиатор болуға ниет танытушылар көп. Себебі, 25 жастан асқан, бұрын-соңды сотталмаған, жоғары білімді адам адам медиатор бола алады. Медиатор болаиын деген азамат 50 сағаттық дайындық курсын меңгеруі тиіс, бұл сабақтардың 30 практикалық сипатта өтеді. Дайындық курсын тәмамдаған медиаторға сертификат табысталады», - дейді семинар тренері Игорь Зуев.
Медиатордың пікірінше, медиация институты қарқынды дамып келеді, қол жеткізілген жетістіктер де баршылық. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ювеналды әділет арқылы қарастырылатын істердің 70% бітімгерлікпен аяқталады.
«Адамдар қалыптасқан дағды бойынша бірден сотқа жүгінеді, сот өкілдері дауласушы тараптардың мәселелерін қарастырып, оларды бітімгерлікке шақыру үшін медиаторларға жібереді. Медиаторлар отбасылық келіспеушіліктер, азаматтық іс, мүлікті өзара бөлу сынды мәселелерді шешеді. Тараптар өзара бітімгерлікке келмеген жағдайда, олардың істері сот жүзінде қаралады. Дауларды міндетті түрде медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу мәселесінің еліміздің жоғарғы мінбелерінде қарастырылып жатқандығы көңіл қуантады. Мұндай үрдіс Қытай елінде қолданылады, азаматтар сотқа жүгінбес бұрын міндетті түрде медиатордың алдынан өтуі тиіс», аталмыш жүйенің Қазақстанда да тиімді болатындығына күмәнім жоқ» - дейді білікті тренер.
Іс-шараға аға буын өкілдері ғана емес, сонымен қатар, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенттері қатысты.
«Мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Алған білімімізді күнделікті өмірде пайдалана аламыз. Біз болашақ медицина қызметкеріміз, сондықтан, дәрігер мен емделушінің арасындағы келіспеушіліктерді реттей алуымыз қажет. Семинар барысында теориялық біліммен қаруландық, практикалық тапсырмалар орындадық. Адамдарды бітімгерлікке шақыру игі іс, татулыққа не жетсін», - дейді бірінші курс студенті Виктория Абрамчик.