Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тоқымқағар» қайырымдылық акциясы аясында облыстық жасөспірімдер үйінің жігіттері мен арулары үшін түлектер кешін ұйымдастырды. Іс-шараны өткізуге этномәдени бірлестіктер мүшелері, бет әрлеушілер мен шаштараздар қолдау танытты. Шаш үлгілері ерекше, сәнді көйлек киген, көздің жауын алатын бикештер мен сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер қызыл кілім үстімен өтіп, өздерің жұлдыз ретінде сезіне алды.
«Бұл біз үшін өте маңызды күн, бүгін өзіміздің есейгенімізді түсіндік. Бұл күн есте қаларлықтай өтсін деп армандап едік. Әр адамның кәсіби бет әрлеушіге жүгініп, көз тартарлық әсем көйлек сатып алатындай мүмкіндігі жоқ. Біз үшін мұндай керемет мереке ұйымдастырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық үйінің ұжымына шын жүректен алғыс білдіреміз», - деді Любовь Галицина.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аккужина, Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Александра Суслова және облыстық жасөспірімдер үйінің директоры Александр Гринькив түлектерге құттықтау лебіздерін жаудырды. Жолымыз ақ болсын, алар асуларымыз биік болсын деген ниетпен түлектер көк аспанға кептер ұшырды.
Әртістер концерт қойды. Шығармашылық студияларда сан түрлі бағдарламалар дайындалды. Достық үйінің алдында «Большие гонки» («Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар») жарысы ұйымдастырылды. Іс-шара жүргізушісі Рач Мартиросян қонақтарды машина айдауға шақырды, барлық қатысушыларға тәтті сыйлықтар табысталды. Жарысқа жастар ғана емес, аға буын өкілдері де қатысты.
Достық Үйінің үлкен залында «Не? Қайда? Қашан?» бағдарламасы өткізілді. Бірлестік өкілдері мен жас білімпаздар бақ сынасты.
«Ойын өте қызықты өтті. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға қатысты күрделі сұрақтар қойылды, біз талай сұрақтың жауабын таптық. Жеңіп шығуымызға бір ұпай жетпеді, мұндай іс-шаралар ұжымшылдыққа тәрбиелейді», - деп әсерімен бөлісті іс-шара қатысушысы Балсұлу Алекенова.
Алғашқы ойында А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің командасы жеңіске жетті. Ал екінші ойында этномәдени бірлестіктер командасы «Алғырлар» атағына ие болды. Барлық қатысушыларға медальдар табысталды. Облыстық Достық Үйінің ұжымы іс-шара қонақтарына бұл ойынды дәстүрлі түрде ұйымдастыратындығын жеткізді.
Достық үйінің екінші қабатында үнді халқының көрмесі ұйымдастырылды, аквагримерлер жұмыс жасады. Алғашқы шығармашылық студияда «Жить здорово» («Салауатты өмір сүрейік») бағдарламасы өткізілді. Іс-шара ұйымдастырушылары - биыл 90 жылдығын атап өтетін Қостанай жоғары медициналық колледжінің ұжымы. Студенттер мен оқытушылар іс-шара қонақтарын алғашқы көмек көрсету жолдарымен таныстырып, қандағы қант мөлшерін тексерді.
Келесі студияда «Кешкі кездесу» бағдарламасы өткізілді. Мұнда қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары таныстырылды.
«Сәбиді жуу, бесікке бөлеу дәстүрін көруге ниет танытқан адамдар көп болды. Кейбіреулері біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды үйретуге арналған мектеп ашу қажеттігін жеткізді», - деді Назгүл Ыбраева.
Сонымен қатар, мереке қонақтары «Миллион кімге бұйырады?» ойынына қатысты. Екі қатысушы барлық сұрақтарға дұрыс жауап беріп, ойын элементі болып табылатын 1 млн теңгелік сертификат жеңіп алды.
Келесі студияда іс-шара қатысушылары пайдалы тағам әзірлеуді үйренді, іс-шара қонақтары балғын көкөністер мен жемістер шырынынан нәр алды, қазақ халқының сусыны шалаптан дәм татты.
Келесі студияда «Модный приговор» («Әсемдік сырлары») бағдарламасы өткізілді. Іс-шара қонақтары ұлттық киім киіп, суретке түсті, сән өнеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, тәтті сыйлықтарға ие болды.
Келесі студияда тілшілер, журналистер күнінің аясында «Журналисті тауып көр» ойыны ұйымдастырылды, сондай-ақ іс-шара қонақтары Достық үйінің ұжымына тілек жазып қалдырды.
Екінші қабаттағы үлкен зал самауырлар мұражайына айналды. 300-ден астам самауыр жинаған Алтынай Аманова самауыр көрмесін ұйымдастырды.
«Ең көне самауыр 1890 жылы Тулада жасалған. Ең үлкен самауыр 40 литр су сыйдырады. Наурыз мерекесінде барлық қонақтарға осы самауырдан хош иісті шай ұсынамын», - дейді коллекция иегері.
Соңғы шығармашылық студияда «Играй, гармонь» («Жырлашы, менің сырнайым») бағдарламасы ұйымдастырылды. Қостанайлық және Рудный қаласынан келген баяншылар мен сырнайшылар өнер көрсетті. «Раздолица» орыс, славян және казак әндерінің ансамблі концерт қойып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.