Chania
737
03.06.2019
Балаларға деген махаббатпен!

Облыстық Аналар кеңесі «Отбасылық мерекелік дастарқан» акциясын өткізді

Аналар кеңесі қызметінің негізгі бағыттарының бірі қиын өмірлік жағдайға душар болған жанұяларға және көпбалалы отбасыларға  қолдау таныту.

«Біз көпбалалы отбасын дәстүрлі отбасының эталондық моделі ретінде қарастырамыз.  Мұндай жанұяда өскен балалар бауырмал,  бір-біріне қамқор, еңбекқор келеді. Ата-аналардан да зор жауапкершілік талап етіледі, себебі олар отбасының ұйтқысын сақтауы тиіс, ал оларды қоршаған жандар өзара жағымды қарым-қатынас құрудың үлгісін көретін болады. Сондықтан, біз көпбалалы отбасы балаларына мереке ұйымдастыруды жөн көрдік», - дейді Аналар кеңесінің төрайымы  Шушаник Саркисян.

Аналар Кеңесінің бастамасын қаладағы  мейрамхана, дәмхана өкілдері қолдады, олар халықаралық балаларды қорғау күніне орай  көпбалалы жанұяларға  қол ұшын созуға келісті.

Мереке қарсаңында, яғни 31 мамыр күні «Премиум Пэлас», «Сұлтан сарайы», «Поместье» мейрамханалары, «Рататуй» дәмханасы көпбалалы жанұяларға азық-түлік жиынтықтарын жеткізуді ұйғарды.

Қостанай қаласындағы 26 көпбалалы отбасы картоп, ұн, күнбағыс майы, жеміс-жидек және тәтті өнімдермен қамтамасыз етілді.

1 маусым күні  мейрамханалар мен дәмханаларда 65-тен астам адам - 11 жанұяның балалары мен бейімдеу орталығының 10 тәрбиеленушісі үшін түскі ас әзірленді. «Карделен», «Время» дәмханаларында, «Гранат» мейрамханасында және «Золотой фазан» демалыс үйінің ауласында мерекелік дастарқан жайылды.

«Іс-шараның мақсаты – балаларға дәмді ас татыру ғана емес, оларды мейрамханаларға, дәмханаларға апару. Себебі, әрбір ата-ананың балаларын мұндай мекемеге апару мүмкіндігі бола бермейді. Балалар бас аспазбен танысып, ас бөлмесін аралады, дастарқанды безендіру бойынша шеберлік сабақтарға қатысып, асхана аспаптарын дұрыс пайдалануды үйренді», - дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

Кейбір мекеме ұжымдары балалар үшін ойын бағдарламаларын даярлады.

«Золотой фазан» демалыс үйінің ауласында балалармен бір сағат бойы  аниматорлар жұмыс істеді, балдырғандар үшін экскурсия өткізілді, олар спорттық  алаңдарға барды, атқа мініп көрді.

Мерекелік түскі астан кейін іс-шара қонақтары үшін би кеші  ұйымдастырылды. Әрбір жанұяға тәтті өнімдер табысталды, себебі, әрбір шаңырақ бұл мерекені әлі де тойлайтын болады.