«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері «Дельфин» балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетті
Бірлестік 10 жылдан астам уақыт бойы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық жасап келеді, қайырымдылық іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Олар балдырғанды дәрі-дәрмектермен, медициналық жабдықтармен, ойыншықтармен қамтамасыз етуге тырысады. Биыл оларға жаялықтар сыйлады.
«Балалар үйіне келгенде бүлдіршіндердің балдай сөздерін естіп, тәтті қылықтарын, алғашқы қадамдарын көріп қуанамыз. Сәбилердің жаутаңдаған жанарына қарап, олардың мұндай тағдырға лайық еместігін түсініп, мұңаямыз. Адамдар өз баласынан қалай ғана бас тартады екен? Ата-анасына қажет болмау бала үшін қайғы емес пе? Баланың шат күлкісіне ештеңе жетпейді, сондықтан, мұнда келуге асығамыз» - дейді төраға орынбасары Таус Хайдукаева.
Шешен-ингуш бірлестігі балаларға 1 маусым қарсаңында ғана емес, ай сайын көмектесіп тұрады. Бірақ мұнымен еш мақтанбайды. «Оң қолыңмен жасаған жақсылығыңды сол қолың білмесің» деген қағиданы ұстанады. Ең бастысы, игі істер балаларға пайдасын тигізсе болғаны.
«Қазіргі таңда балалар үйінде 40 бала тәрбиеленуде. Бірінші жартыжылдықта 13 бала асырап алдық. Соңғы уақытта тастанды қазақ балаларының саны азайды, балалардың басым көпшілігі аралас жанұядан шыққан. Кавказ ұлтының балалары мүлдем жоқ. Ұлты ингуш бір бала болды, оны Петропавлдық бір отбасы асырап алды. Олар бұл баланың ағасы Рудныйдағы интернат тәрбиеленушісі екендігін естіп, екеуің де бауырына басты. Мұндай көңіл жадыратар оқиғалар аз емес, біз бұған қуаныштымыз» - дейді мекеме директоры Өмірбек Байкенов.
«Балалар үйінің қызметкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Олардың жұмысы қызыққа толы, бірақ, оңай емес. Оларға шыдамдылық пен денсаулық тілеймін. Біз әрдайым көмектесуге дайынбыз»- деді Таус Сұлтанқызы.