Chania
774
28.05.2019
Мәңгі есте сақтаймыз…

Облыстық Достық Үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым» іс-шарасы өтті.

Өткен ғасырдың 30-40 жылдары 62 ұлттың өкілдері Қазақстанға еріксіз қоныс аударды. Жер аударғанғандардың қатарында ұлттық үстем тап өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, әдебиет майталмандары, театр жұлдыздары, діни қызметкерлер болды. Студенттер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және жоғары оқу орындарының оқытушылары бұл адамдардың қиын тағдырын еске алу үшін бас қосты. Кездесу  барысында іс-шара модераторы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Әлібек Табұлденов  сөз сөйледі.

«Қуғын-сүргін жылдары ішінде 1,5 миллионнан астам адам Қазақстанға еріксіз қоныс аударды. Біздің еліміз алып Гулагқа айналды. Қазақ халқы да қуғын-сүргінге ұшырады. Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары миллиондаған адам жазықсыз айыпталды.  Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин сынды көрнекті қайраткерлерімізге ұлтшыл, тыңшы деген айып тағылып, ату жазасына кесілді», - дейді Әлібек Табұлденов.

Биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткен татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Синицина Роза Хакимовна бұл кезеңді күрсіне еске алды.

«Менің ата-анам Башқұртстан елінде өмір сүрді. Олар бір күннің ішінде киім-кешек, тұрмыс заттарын (балта, ара және күрек) жинап Сібірге жер аударды.  Белгіленген жерге жеткізгеннен кейін оларды бірден жұмысқа салды. Әкем шахтада жұмыс істеді. Алғашқы жылдары өміріміз қиындыққа толы болды. Бірер жылдан кейін  отбасым ақталып шықты, бірақ сұрапыл дәуірдің  естеліктері әлі жадымда», - дейді кейуана.

Іс-шара барысында ең алғашқы жер аударушылар, яғни корей ұлт өкілдері туралы сөз қозғалды.

«Мұндай шешім Жапония тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген себептен туындады.   Мемлекет басшылығы бейбітсүйгіш корей халқы жау жағына шығар деп қауіптенді, ал арандатудан аулақ болу үшін бүкіл корей халқы Қазақстанға қуғындалды. Жол бойында мыңдаған отандасынан айырылған, талай қиыншылықты бастан өткерген адамдар өзге елде болашағын құра басталды.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы  басталысымен неміс халқын Қазақ  даласына күштеп көшірді. Қостанай облысына 39 мыңға жуық неміс келді. Бүгінде аймағымызда 28 мыңнан астам неміс тұрады.

Биыл шешен-ингуш халқының Қазақстанға күштеп көшірілгеніне 75 жыл. 1944 жылдың 23 ақпанында  «Чечевица» операциясы басталды, 40 мыңнан астам вайнах  өз үйлерінен,  ағайын-туыстарынан айрылды. Олар үшін Қазақстан жаңа атамекенге айналды», - дейді Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің қоғамдық пәндер, құқық және экономика негіздері кафедрасының доценті Елизавета Ярочкина.

«Бірталай жыл өтсе де «құпия» құжаттар әлі де бар. Зерттеп, танитын деректер де жетерлік.  Қазіргі таңдағы ең басты мақсат – татулықты сақтай білу,  мұндай  оқиғаларға жол бермеу», - дейді іс-шара модераторы Әлібек Табұлденов.