Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының белсенді мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшы бол!» республикалық жастар форумына қатысты.
Бұл іс-шараға Ресей, Украина, Қырғызстан мемлекеттерінің және еліміздің өзге облыстарының өкілдері қатысты.
Кездесу жаңа форматта Нұр-Сұлтан қаласының маңайындағы «Золотой фазан» демалыс аймағында өтті. Жастар табиғат аясында жұмыс істеді, демалуға да уақыт тапты.
Форум Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың болашағынан мол үміт күттіретін жастарға арналған хатымен ашылды.
«Сіздер тілдерді, жаңа технологияларды тез меңгересіңдер, ойларың ұшқыр, жаңашылдыққа құмарсыңдар. Алынбайтын қамал жоқ, білек сыбана іске кірісіңдер! Жастар жылы аясында озық идеяларды іске асыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған бірталай жобалар жасалды», - дейді Жансейіт Түймебаев өз хатында.
Форум аясында қатысушылар үшін сан түрлі алаңдар құрылды, Ресей, Украина, Қырғызстан елдерінен келген және Қазақстандық спикерлер жас көшбасшыларды жастар саясаты саласындағы жұмыстармен таныстырды.
Жастар үшін сұхбат алыңы құрылды, олар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл форумға Қостанай облысынан бес адам қатысты. «Асар» белорус-балтық жағалауы халықтарының этномәдени бірлестігі жастар қанатының көшбасшысы Дарья Тимина спикерлермен кездесу барысында бойына ынта-жігер жинап, керемет әсер алғандығын мойындады.
«Көшбасшы бол!» Республикалық жастар жобасы – өмірдің жаңа қырларын танытатын жол. Жастарға бағыт көрсету үшін осындай тимбилдингтер, баяндамалар ауадай қажет. Біз өзге аймақтардан келген әріптестерімізбен табиғат аясында ән айттық, дастарқан басында жұмыс жөнінде өзара пікір алмастық, байланыс деректерімізбен бөлістік. Ортақ іс бір мақсатқа жұмылдырады. Бірлесіп зор жетістіктерге жетеміз», - дейді Дарья Тимина.