Қазақстан мен Корей елдерінің достық қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында Нұр-Сұлтан және Алматы қалалаларында Оңтүстік Корея елінің президенті Мун Дже Инмен кездесу өткізілді. Мұндай маңызды іс-шараға Қостанай облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Игорь Ким мен жексенбілік тіл мектебінің оқытушысы Радмила Ким қатысты.
«Президентпен тілдесу мүмкін болмады, кездесуге министрлер, өңірлік корей қауымдастықтарының төрағалары, корей мектептерінің директорлары, кәріс тілінің оқытушылары, кезінде Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған кәрістер (100-ден астам адам) қатысты. Кездесуден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаспын. Оңтүстік Корея елінің Президентімен бір дастарқан басында отырамын деп ойламағанмын. Президенттің әрбір айтқан сөзі көңілге қонымды, адам жанына жылулық ұялатады. Президенттің өзі Қазақстанда тұрып жатқан кәрістер мен Оңтүстік Корея еліндегі азаматтардың арасындағы байланысты нығайту үшін мүмкіндіктер жасауда», - дейді Радмила Ким.
Кездесу аясында Мун Дже Ин «Самал жел» атты жаңа ынтымақтастық бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама жаңа технологиялар, инфрақұрылым, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалар бойынша нақты жобаларды іске асыруға бағытталған.