Chania
897
22.04.2019
Қостанайда "Достық аллеясы" пайда болды

Этномәдени бірлестіктер  өкілдерінің арқасында Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған саябақта  60 қайың жайқалып өспек.  

Жас шыбықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық күнтізбесіне сәйкес «Асар» айлығында  отырғызылды. Корей этномәдени орталығы Достық аллеясын  құруға бастамашы болды.

«Ағаш отырғызу жоспарымызда бұрын да болған, сәті енді түсті. Біз 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған Тіршіліктің төрт құдыреті Фестивалін өткізуді ұйғардық, ағаш отырғызуды іс-шара жоспарына енгіздік. Біз Достық аллеясын құру туралы ойымызбен басқа этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бөлістік, олар біздің бастамамызды құптады.  Бүгін біз бірлесіп, қайың ектік», - дейді корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Ульяна Ким.

Салқын  желге қарамастан, жұмыс қызу жүрді, біреуі шұңқыр қазса, екіншісі ағаш отырғызды, ал үшіншілері суарды.  

«Біз бүгін өте маңызды іс жасадық.  Бірнеше жылдан кейін өзіміз немесе балаларымыз табиғат аясында жайқалған ағаштардың саясында демаламыз. Біз ағаштардың белгілі бір бөлігін балаларымызға арнаймыз, қатар өссін деп шештік», - дейді Орынбор казактары қауымдастығының атаманы Виктор Чемпалов.

Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері - жоғары политехникалық колледж  студенттері де ағаш отырғызуға көмектесті.

«Бізге «Асар» акциясына қатысып, ағаш отырғызу ұсынысын бірден қабыл алдық. Қазақ халқында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл сөз бар.

«Бірлік  - ортақ жұмыс жасағанда ұйымшылдық көрсету. Ал біз ұйымшылдығымызбен мақтана аламыз. Қостанайлықтар мен қала қонақтарының демалыс алаңына айналатын, шаршағанға демеу болатын достық аллеясын құруда жастар атынан  өз үлесімізді қосқанымыз үшін өте қуаныштымыз», - дейді жастар қозғалысының белсенді мүшесі Анастасия Старкова.  .

«Достық Аллеясы» 4 мамыр күні Тіршіліктің төрт құдыреті Фестивалі  аяқталғаннан кейін ресми түрде ашылады.