Chania
653
17.04.2019
Болашақ педагогтарға бітімгершілікке жету жолдары үйретілді

Достық Үйінің ұжымы Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық  университеті  студенттері үшін медиация бойынша практикалық сабақ ұйымдастырды. 

Іс-шараның тренері - этносаралық қатынастар саласындағы сараптама және мониторинг бөлімінің бастығы Руслан Мырзағалиев.

«Сабақтың негізгі міндеті – білім алушыларға медиация туралы білім беру және болашақта жұмыс барысында туындауы мүмкін дау-дамайларды реттеуге үйрету.  Студенттер біздің елімізде дау-дамайларды  соттың қатысуынсыз-ақ бейбіт жолмен реттеуге  мүмкіндік беретін  институттың жұмыс  істейтінін түсінуі тиіс. Болашақ студенттер үшін мұндай тәжірибе өте  тиімді, себебі олар білім беру ұйымдарында жұмыс жасайды, өз әріптестерімен немесе оқушылармен, олардың ата-аналарымен  келіспеушіліктер туындаған жағдайда қиналмай-ақ  мәселенің шешімін табуға тырысады» - дейді іс-шара тренері.

Студенттер  үш топқа бөлінді, әрбір топқа практикалық тапсырма берілді.

Бірінші топ «Медиацияның шығу тарихы» тақырыбы бойынша баяндама оқыды. Екі ер азамат апельсин үшін дауласып қалған екен.  Біреуіне апелсиннің іші (жұмсағы) керек болса, екіншісіне қабығы қажет болыпты. Олардың дауына құлақ түрген патша ештеңе түсінбепті. Ал жиналған жұрт оларды сабырға шақырыпты, содан соң олар бір-бірін тыңдап, апельсинді бөліп алыпты. Осыдан бастап хош иісті апельсин жемісі бітімгерліктің белгісі.

Екінші топ медиаторға қойылатын талаптарға тоқталды. Студенттердің барлығы дау-дамайды бейбіт жолмен шешуге көмектесетін тұлғаның түсінігі мен адамгершілігі мол болуы керек және ол шыншыл, сыншыл, әділ,  өзгені тыңдап, өзің тыңдата алуы тиіс деген пікірлерін жеткізді.

Үшінші топ қазіргі қоғамда медиацияның қажеттілігін танытатын  жарнамалық компания әзірледі.

«Сондай-ақ, біз студенттердің дағдысын шыңдау мақсатында өндірісте туындаған шиеленісті жағдай ойластырдық. Кәсіпорын қызметі тоқтауға таяу, қызметкерлердің  жартысы  қысқартылған, екінші жартысының еңбекақысын азайтқан. Адамдар наразылық танытуда.  Студенттердің міндеті-бұл дау-дамайды екі тарапқа да тиімді болатындай  шешу», - дейді Руслан Мырзағалиев.  

Тәжірибе қорытындысы бойынша болашақ педагогтар дау-дамайды реттеп,  қос тарапты мәмілеге шақырды. Студенттер өз жұмыс нәтижелеріне риза болып, медиация негіздерін меңгеру қажетті дағды екендігін түсінді.