Chania
714
29.03.2019
Достық Үйінде «Эребуни» армян этномәдени бірлестігінің бастамасымен нард ойыны бойынша 6-турнир өткізілді

Биыл  бұл дәстүрлі жарысқа 16  ойыншы қатысты. Армян, қазақ, орыс ұлтының өкілдері ойын алаңында бас қосты. 

- Мұндай жарыс алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Біз бұл іс-шараны  Армения халқы үшін айтулы күн, яғни 7 сәуір – Аналар күнінің қарсаңында көктем мерекелерімен қатар өткіземіз. Біздің жарысымызға сан түрлі ұлт өкілдерінің  қызығушылық танытып, қатысуы қуантарлық жайт, демек біздің бағытымыз дұрыс, - дейді «Эребуни» армян этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Сергей Григорян.  

Қатысушылар  төрт сағат бойы бақ сынасты. Нәтижесінде жарыстың тұрақты қатысушысы, армян этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Папоян Артур жеңіске жетті.

 - Мен турнирге жыл сайын қатысамын, бұл менің екінші жеңісім. Мен нард ойыны бойынша жарыс ұйымдастыруды ұсындым. Бұл ойын алғырлықты талап етеді, армян халқының ерекшелігін танытады. Бұл жарысқа тек армян ұлтының өкілдері ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің қатысатыны көңіл қуантады, - дейді  Артур Папоян.

Жарысқа жыл сайын қатысатын Кайрат Утюрбаев екінші орынға ие болды. Норайр  Папоян үшінші орынды  қанжығасына байлады. Турнир жеңімпаздарына мадақтамалар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.