Chania
806
28.01.2019
Жастар жылы бастауын алды!

Жастар жылының басталуына орай Достық Үйі Дом Дружбы концерт ұйымдастырып, жиналған қауымды 2019 жылға арналған күнтізбемен таныстырды.

23 қаңтар күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  салтанатты түрде Жастар жылын ашты. Өскелең ұрпақты толыққанды қалыптастырып, жан-жақты дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын рөлі зор. Жастар қанатының жұмысы ұлттық бірлік пен қоғамдық  келісімді сақтауға бағытталған. Осы ретте Қостанай облыстық Достық Үйінің ұжымы  «Бірлік қанаттары» атты концерт ұйымдастырып, көрермендерді этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары өкілдерімен дайындалған күнтізбе таныстырды.

 Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы Мырзағалиев Русланның алғысөзімен басталды:

- Бүгінде Қазақстандық жастар өздерін жан-жақты дамытуда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, IT саласында шеберліктерін шыңдауда. Ұлт көшбасшысының жыл сайынғы Жолдауларына, жобаларына көз жүгіртіп қарасақ,  ол  Мәңгілік елдің болашағы - жастарға үлкен жауапкершілік артып, сенім білдіретіндігін аңғарамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы жалынды жастардың бастамаларын қолдап,  үлкен жауапкершілік артады, ал біз өз тарапымыздан оның үмітін ақтауға тырысамыз, - дейді Р. Мырзағалиев.  «Жаңғыру жолының» жас көшбасшысы фотожобаға қатысқан, оның қазақ халқының қасиетті бұйымы – қамшыны ұстаған суреті күнтізбемізде бейнеленген.  

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар  ұлттардың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ұқсастығын көрсетуге тырысты.

Мысалы, қазақ халқы қуанышты жария ету, бөлісу мақсатында және бұл қуаныштың өзгелерге жұғысты болуы үшін шашу шашады екен. Неміс халқы да шашу шашады, бірақ тәттілердің орнына күріш жұмсалады.

Күнтізбенің бір парақшасында неміс халқының ұлттық киімін киген Евгений Сотников пен оның жұбайы Анастасияның шашу рәсіміне дайындалу сәті бейнеленген. 

Бұл концерттің жүргізушілері  Назгүл Ибраева мен Евгений Сотников кештің көркін кіргізді. Бұл үшін оларға алғымыз шексіз.

Достық Үйі кеш қонақтарына арнап шашу шашты.

Қазақ халқының домбырасы мен орыс халқының домрасы рухани тұтастық нышаны. Музыкалық аспаптарды шебер меңгерген шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Залина Цечоева және он саусағынан өнер тамған Әмірхамзин Наурызбай тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Қазақ халқының «Тұсау кесу» рәсімі корей халқының асяндиімен ұқсас. Күнтізбемізде тұсауы кесілгелі отырған сүп-сүйкімді бүлдіршіннің суреті бейнеленген.

Корей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Карина Олжабаева кәріс тілінде әуезді ән орындап, мереке қонақтарын керемет күйге бөледі.

Қазақ аруларының көркі - қолаң шаш. Қос бұрым әсемдіктің, пәктіктің белгісі болып саналады. Украиндық бикештер де шаш күтіміне ерекше көңіл бөледі. «Флеш» ұжымы «Василина» биін орындап, сұлулығымен баурап алды.

Қазақ елі қызғалдақтың Отаны болып саналады, алайда Түркия елі үшін бұл гүл айрықша мәнге ие.

«Горцы Ахыска» кавказ би ансамблі қызылды-жастарды қызғалдақтармен би билеп, көктемнің лебін сыйлады.

Іс-шара көрермендердің көңілінен шықты, олар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын  білдірді.