Достық Үйінде «Сарқыт» акциясы өтті – Әлинұр есімді баламыздың тұсауы кесілді, Нұрсана аруымыз бесікке бөленді.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» жалпыреспубликалық қайырымдылық жобасы шеңберінде «Мейірімділікпен бірлікке» ұранымен қайырымдылық іс-шараларын бастап кетті. Республикалық жоспарға сәйкес қаңтар – «Сарқыт» айлығы деп белгіленді.
Сарқыт – қазақ халқының ырымдары қатарына кіретін, сый-құрмет көрсетудің көрінісі. Той-томалақ, айт, түрлі мерекелер болғанда шақырылған қонақтың, үйіндегі бала-шағасына, келіндеріне дастарханнан «ауыз тисін» деп ала келетін дәмі. Бұл қазақ халқының дағдысында қалыптасып қалған ырым. Дастархандағы қант-кәмпит, ет тағамдарын қуанышымыз сіздің үйге де жұғысты болсын, жолын берсін дегенді білдіреді.
Достық үйінде әйелдер мен балаларды бейімдеу орталығының тұрғындары үшін шағын той ұйымдастырылды, бір балапанның тұсауы кесілсе, бір бүлдіршініміз бесікке бөленді.
Тұсаукесер - сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым.Бесікке бөлеу рәсімін баланы алғаш рет бесікке (нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек) жатқызғанда орындалады.
Ануза Кәменованың айтуынша ол екі айлық қызы Нұрсананы әлі бесікке бөлемепті, сондықтан ұйымдастырушыларға өз разылығын білдірді.
- Бесікке салу - бұл керемет ырым. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар тағып қояды. Бізхалқымыздың салт-дәстүрлерін ұстануға тырысамыз және оларды балаларымызға насихаттаймыз. Ұлттық әдет-ғұрыптарды дәріптеу арқылы оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз, - деді Ануза есімді ардақты ана.
Нұрсана тыныш жатып, ұйықтап қалды. Рәсімді «Ақ Дариға» хорының әжейлері өткізді. Олар Нұрсананы бесікке бөлеп, әлдиімен тербеді. Әлинұр есімді сәбидің тұсауы кесілді.
- Әлинұр 1 жас 3 айға толды, қаз-қаз басып жүр, тұсаукесер рәсімін өткізбегендіктен, біз іс-шараға қатысуға қуана келістік. Мен қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұнатамын. Тұсаукесер маңызды рәсім, баланың жолы ашық болады, бақытты болады, - дейді баланың анасы Гүлжихан Боранбаева.
Ғылыми-сараптамалық топ басшысы Әлімжан Бекмағамбетов Әлинұрдың тұсауын кесті. Қамшыны таңдап алған Әлинұрымыз еліміздің айбынды азаматы болады.
Қайырымдылық акциясының соңына қарай іс-шара қатысушыларына «Сарқыт» үлестірілді. Қалалық 5 көпбалалы отбасыларға азық-түлік жиынтықтары табысталды.
Достық Үйі және Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық іс-шарасын өткізуге атсалысқан
«Бирлик» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, «Ақ Дариға» хорының, «Көзайым» тобының, Ө. Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-нің әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі басқармасының, «Қостанай қызмет көрсету саласының колледжінің» өкілдеріне, «Эльмаз», «Империал» би ұжымдарына шексіз алғысын білдіреді.