Қостанайда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясы өтті.
Жыл барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылау үшін этномәдени бірлестіктердің төрағалары, өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңестерінің, Қоғамдық келісім кеңестерінің, ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері бір арнаға бас қосты. Аталмыш сессия Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өтті.
Іс-шара аясында биыл бастауын алған «Қазақтану» жобасына және Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеге өңірлік қолөнершілердің қолынан шыққан қазақ халқының ұлттық аспаптары, киізден және ағаштан даярланған бұйымдар қойылды. Әжелеріміз ұршық иіріп, киім тоқып, жүн сабап қазақ халқының бұрынғы тұрмыс-тіршілігінен хабар берді. Айдын Диқанбаев сынды шеберіміз қамшы жасау әдісін үйретті. Аталмыш бағдарламалар аясында 2019 жылы Түрік халықтарының мәдениеті Күнін атап өту жоспарлануда. Қонақтар сары алтындай бауырсақ пен балдай қымыздан дәм татып, мәжіліс залына барып, өз орындарына жайғасты.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Бибігүл Аққожина ҚХА барлық құрылымдарының қызметі туралы баяндап, өзекті мәселелерге тоқталды.
- 2018 жылдың тоғыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясы әр деңгейдегі 142 іс-шара ұйымдастырды. Біздің облысымызда Этностар мәдениеті Күндерін ерекше атап өту дәстүрге айналған. Мысалы, белорус-балтық жағалауы халықтарының этномәдени бірлестігінің бастамасымен іске асырылған «Тегі бір адамдар арасындағы спорт» жобасы немесе қостанайлықтар асыға күтетін республикалық деңгейге жеткен Кавказ мәдениетінің фестивалі.
Қоғамдық тұрақтылықты, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыстарды іске асыруда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің, Аналар кеңестерінің мүшелері белсенді атсалысады. Облысымызда 257 Қоғамдық келісім кеңесі және 21 Аналар кеңесі қызмет атқаруда, - дейді Б. Аққожина.
Сессия барысында 2018 жылдың көптеген этномәдени бірлестіктер үшін мерейтойлы жыл болғандығы аталып өтілді. Биыл украин қауымдастығы, армян және еврей этномәдени бірлестіктері 25 жылдығын, орыс қауымдастығы 20 жылдығын, «Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігі 15 жылдығын тойлады.
Кеңестік органдардың өкілдері де өз ұсыныстарын білдірді. Облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Марина Донскова отбасын нығайтуға және ерлі-зайыптылар ажырасуының, жастардың өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің алдын алуға арналған кешенді бағдарлама даярлауды және Қайырымды істер жасау Күнін белгілеуді ұсынды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Әлімжан Бекмағамбетов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық топ мүшелірінің ғылыми зерттеу еңбектерін мақсатты қаржыландыру үшін мемлекеттік сатып алу жүйесінен тыс қаражат бөлу мәселесін қарастыру қажеттігін алға тартты.
- Ғылыми гранттар ретіндегі мақсатты қаржыландыру ЖОО өкілдерін ынталандыруға және ғылыми еңбектерінің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді, грантқа қол жеткізу және оны жүзеге асыру тәжірибесімен танысып, білімімізді толықтыру әлемдік ғылым мен білім кеңістігіне енуде және отандық ғалымдарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызы зор, - дейді Ә. Бекмағамбетов.
Іс-шараны қорытындылай келе, облыс әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары еліміздегі татулық пен келісімді нығайтуда, халықпен жұмыс жасауда маңызды рөл атқаратындығын тағы бір атап өтті.