Chania
789
21.11.2018
Білімді жастар – ел болашағы

Достық Үйінің ұжымы Қостанай қалалық жоғары оқу орындары студентерінің арасында  зияткерлік ойын ұйымдастырды.

Облыстық Достық Үйінде «Рухани жаңғыру» жобасын іске асыру аясында «Мәңгілік елім» зияткерлік ойыны өтті.  Достық Үйінің қабырғасында өтетін іс-шаралар жылдан жылға жалғасын табуда. Студенттерге арналған бұл патриоттық зияткерлік ойын екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Аталмыш зияткерлік ойын студенттердің Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығын арттыруға, жастардың зияткерлік әлеуетін анықтауға, отансүйгіштікке және толеранттылыққа тәрбиелеуге бағытталған.

Ойынға қатысушылардың, қазылар алқасы мен көрермендердің пікірінше іс-шараның мақсатына қол жеткізілді.

Аталмыш зияткерлік ойын  «Рухани Жаңғыру» бағдарламасынан  хабардар  топ» деген атақ үшін  сайысып, бақ сынасқан Қостанай қаласындағы бес жоғары оқу орнының  – А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, ҚМПУ, ЧелМу ҚФ, М.Дулатов атындағы ҚИнЭУ және ҚӘТУ студенттерінің басын қосты.  

Отансүйгішті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар әдетте бір сарында өтеді. биылғы іс-шарада ұйымдастырушылар зияткерлік ойын арқылы жастармен жұмыс жасаудың жаңа әдіс-тәсілдерін көрсетті.

 Ұйымдастырушылармен ұсынылған  әдіс-тәсілдерді студент-қатысушылар өздерінің жоғары оқу орындарында өткізілетін іс-шаралар  барысында «тең-теңімен» принципін іске асыру арқылы қолданар деп есептеймін.

Ойын бағдарламасы бірнеше кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде студенттер Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті, саясаты және Қостанай облысының флорасы мен фаунасына қатысты сұрақтарға жауап беруге тиіс еді. Студенттерге «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі өз жобаларын ұсынатын шығармашылық кезең өте ұнады. Қазақ елінің рухани және мәдени құндылықтарын сақтауға және насихаттауға бағытталған  бұл байқау арқылы  білім алушылар маңызды мемлекеттік құжатты ой елегінен өткізуге мүмкіндік алды.

Мұндай іс-шаралар теориялық және практикалық маңызға ие: студенттер Қостанай облысындағы этномәдени бірлестіктердің тарихымен, салт-дәстүрлерімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен этносаясат саласындағы нормативтік құжаттармен танысады,  ғылыми-зерттеу әрекетіне қызығушылықтары артады.

Қостанайдағы барлық жоғары оқу орындарының  студенттері іс-шараға белсенді қатысып, республикамыздың тарихын жетік білетіндерін байқатты.

 - Ойынға топ болып дайындалдық.  Біз өзімізге қандай сұрақтар қойылатындығын білмедік, сондықтан дәрістермізді ақтарып, қосымша әдебиеттер іздедік, ғаламтор желісіндегі ақпараттарды да шолып шықтық. Ойын барысында кейбір сұрақтарға жылдам жауап берсек, кейбіреулері терең ойға шомылдырып жіберді.  Сондай сұрақтардың бірінде өзіміздің ұстазымыз, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшесі Қ.Қ. Әбілмәліковтың көмегіне жүгінуімізге тура келді, - дейді «Бірлік» тобының мүшесі,  ҚМПУ «Тарих» мамандығының 3 курс студенті   Қожамбердиев Сұлтан.

Сұрақтар мен тапсырмалар әр түрлі мазмұнда ұсынылды: аймақ картасымен жұмыс істеу, көрермендердің топ басшыларына сұрақ қоюы, «менің ойыным» бағдарламасы элементтерінің қолданылуы және т.б.

Қазылар алқасы зияткерлік ойынның әрбір кезеңінің нәтижесін шығарып отырды. Іс-шараға жақсы дайындықпен келген қатысушы топтардың арасынан  жеңімпаз топты анықтау қиынға соқты.

Ойын нәтижесі бойынша Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің  командасы бірінші орынға ие болды. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің командасы екінші орынды, ал ЧелМУ ҚФ «Клевер» командасы үшінші орынды қанжығаларына байлады. Барлық қатысушыларға дипломдар мен тәтті сыйлықтар табысталды.