Chania
980
21.11.2018
Орыс, казак және славян мәдениетінің фестивалі дүркіреп өтті

Облыстық Достық Үйі бұл фестивальді екі жыл қатарынан өткізіп келеді. Биылғы іс-шара орыс қауымдастығының 20 жылдығына арналды.

Қостанай облысындағы орыс қауымдастығы 1998 жылдың наурызында құрылған болатын, 2003 жылдан бастап бұл қауымдастыққа облыстық орыс драма театрының директоры, облыстық және республикалық Қазақстан халқы Ассамблеяларының мүшесі Ивлев Юрий Иванович басшылық етуде.

Мереке қарсаңында Ивлев Юрий Иванович Мәскеуде өткен VI Дүниежүзілік отандастар съезіне қатысты.  

Орыс қауымдастығы  халық саны жағынан алдыңғы қатарда, облысымыздағы 880 мың халықтың  364 мыңы  орыс ұлтының  өкілдері тұрады.  Фестивальдегі аншлаг осының тағы бір дәлелі.

Облыстық Достық Үйінің ұжымы іс-шара басталардан бір сағат бұрын қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынды, жиналған қауым құймақ пен құлпынай, шие, алмадан дайындалған тосаптан  дәм татты. Қонақтар үшін 50 кг құймақ және 15 кг тосап әзірленген болатын.

Кіре беріске орыс халқының тұрмыс-тіршілігін танытатын бұйымдар қойылған үй тігілді, ҚХА ансамблі баянда ойнап  жиналған қауымға әсем әуен сыйлады. Славян базарында қонақтар зергерлік бұйымдар, қобдишалар, табиғи бал және ыдыс-аяқ сатып алды.

Фестиваль қонағы Надежда Климентьева: «Мереке ұйымдастырушыларына алғысым шексіз! Халық көп жиналыпты, ұлттық тағамдардан дәм таттық, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұнады. Мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқ сатып алдым. Мынау матрешкалар мен табақтарға салынған  суреттер көздің жауын алады.  Балдан дайындалған тұнбадан, құймақ пен тосаптардан да дәм таттым.  Достық Үйінің ұжымымен ұйымдастырылатын мерекелерге қатысуға тырысамын, олар кез келген іс-шараны жоғары деңгейде өткізеді», - деп өз әсерімен бөлісті.

Қаламызға Словакиядан келген конақтар - Ева Сметанова мен Андеа Барановска фестивалімізге қатысты. Олар белгілі бір бағдарламаларға сәйкес Қостанайдағы жоғары оқу орындарының студенттеріне білім береді.  Ұстаздар ұлттық тағамдардан дәм татып, концерт барысында «Браво» деп, қошеметтерін білдірді.

- Мұндай рухани іс-шараға алған рет қатысып отырмыз. Концерттік қойылымдар, әртістердің костюмдері өте ұнады. Шақыртуларыңыз үшін рахмет. Фестивальден алған әсерімізбен Словакия еліндегі  халықпен бөлісеміз, - дейді Ева Сметанова.

«Карнавал» би ансамблінің керемет биімен басталған концерттік  бағдарлама Қостанай және Рудный қалаларының 12 шығармашылық ұжымы тарту еткен орыс, украин, белорус ұлттарының жалынды билерімен, жан тебірентер әндерімен жалғасты.

 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анатолий Зарубаның басшылығымен Е. Өмірзақов атындағы облыстық  филармонияның орыс халық аспаптары оркестрінің  өнері көрермендердің көңілдерін бір серпілтіп тастады.  Орыс қауымдастығы жарқын өкілдерінің бірі Татьяна Ивлеваның жетекшілігімен «Славянские песни»  ансамблі оркестрге қосыла өнер көрсетті.  Көрермендер дарынды өнерпаздарға  тік тұрып қошеметтерін танытып, облыстық филармониядан көтеріңкі көңілмен шықты.