Еврей кітабы фестивалі аясында оқушылар Борис Заходер мен Самуил Маршактың танымал туындыларынан қойылым қойды.
Облыстық Достық үйінде еврей қауымдастығының 25 жылдығына орай жыл сайынғы Еврей кітабы фестивалі өтті. Әдеби іс-шара 20 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді. Биылғы іс-шара Самуил Маршак пен Борис Заходер сынды балалар жазушыларының шығармашылығына арналды.
Облыстық Достық үйі және Ы. Алтынсарин атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапханасы фестиваль аясында мектеп оқушылары арасында С.Маршак пен Б.Заходер туындыларының негізінде ең үздік театрландырылған қойылым байқауын өткізді.
Фестивальге № 2 мектеп-лицейдің үшінші және төртінші сынып оқушыларынан құралған 7 команда қатысты. Жүргізушілер ойын ұйымдастырып, мектеп оқушыларын Б. Заходер мен С. Маршақтың шығармашылығымен таныстырды.
Б. Заходер балалардың сүйікті кейіпкері Винни Пухты орыс тілінде сөйлеуге үйреткен болатын. Винни Пух Англияда дүниеге келгендіктен, тек ағылшын тілінде сөйлейтін.
Б. Заходер ағылшын тіліндегі барлық сөздерді орыс тіліне аударып, Винни пухтың басындағы үгінділерге, өлең шумақтарын, пысылдауық пен шуылдарды қосады.
Б. Заходер өзінің алғашқы өлеңдерін 11 жасында жазған.
Самуил Маршак - ақын, жазушы, аудармашы. Жазушының тегі атақты раввиннің ұрпағынан мұраға қалған.
С. Маршак төрт жастан бастап өлең жаза бастады. Ол оқушы кезінде поэма жазып, латын және поляк тілдеріндегі шығармаларды аударған.
Балалар Б. Заходердің жұмбақтарын шешіп, үтірлерді орны-орнына қойып, С. Маршақтың туындылары бойынша сұрақтарға жауап беріп, мәз-мейрам болысты.
Сонымен қатар, балалар Рената Муха сынды ақынның шығармашылығымен танысты.
Оқушылар театр әлеміне бойлап, сахна төрінде Б. Заходер мен С. Маршактың ертегілері мен өлеңдеріне жан бітірді. 3 «а» сынып оқушылары арнайы костюмдерін киіп «Птичья школа» туындысы бойынша қойылым қойды, ал 3 «в» сыныбының оқушысы Максим Авдеенко «Собачкино огорчение» өлеңін ым-ишарамен бейнелеп, мәнерлеп оқып берді, 3 «г» сыныбының оқушылары «Муха-чистюха» өлеңінің кейіпкерін керемет сомдады, 3 «л» сыныбының оқушылары «Дырки в сыре» туындысын мәнерлеп оқып берді. 4 «а» сыныбының оқушылары С. Маршактың «Волк и лиса» туындысы бойынша, 4 «в» сыныбының оқушылары «Сказка о глупом мышонке» туындысы бойынша, ал 4 «г» сыныбының оқушылары «Школьнику на память» туындысы бойынша қойылым қойды.
Әділқазылар алқасының мүшелеріне барлық қойылымдар ұнады, бірақ батылдығымен танылып, өлеңді нақышына келтіріп орындаған Максим Авдеенко байқау жеңімпазы атанды.
- Максимнің әдебиетке жаны құмар. Ол өте әсершіл, сахнада өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленуді ұнатады. Ол шығармашылыққа терең бойлайды. Максим «Карнавал» би ансамблінің мүшесі, жүзумен де айналысады. Жүзуден өтетін жарысқа дайындалып жүр. Максим әрқашан бірінші болуға ұмтылады, - дейді Максимнің анасы, Татьяна Авдеенко.
Максим басты сыйлыққа ие болды, ал қалған қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлары табысталды.