Chania
815
23.10.2018
«Begeisterung-2018» мерейтойлық фестивалі

Неміс мәдениеті мен өнеріне арналған оныншы мерейтойлық «Begeisterung-2018» фестивалінің қатысушылары йодль, джаз және үрмелі оркестрлері мен сазды сырнайдың әуеніне бойлап,  полька биін тамашалады.

Бір сәтке Германияға айналған  Е. Өмірзақов атындағы филармониядағы концерт жоғары деңгейде өтті. Қонақтар өнер көрсетуші әрбір әртіске қосыла ән айтып, би билеп, зор қошемет танытты.  Іс-шараға Рудный, Лисаков, Қостанай қалаларының, Федоров, Қарабалық, Әулиекөл аудандарының тұрғындары шақырылды. Лисаков қаласының өкілдері көрермендерді цирк өнерімен тәнті етті.  Облыс аумағына танымал Артем Лисогор-Дриллер кішкентай көрермендерді жонглерлік шеберлігімен таң қалдырды.

- Бүгінгі фестивальге қатысушылардың әрқайсысының неміс ұлтына қатысы бар, болмысы – неміс, - деді жүргізуші Вячеслав Авдеев. – Біздің фестиваліміздің осындай дәрежеде өтіп жатқандығына ризамын. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуы да көңіл қуантады. Бұл сахнада Руссман әулетінің үш толқыны өнерлерін паш етуде.  Тамара Ивановна әжейіміз «Немецкая кухня» клубын басқарып қана қоймай, «SuperOma» ардагерлер ансамблінде ән шырқайды. Оның қызы Елена неміс отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетеді, нақышына келтіріп ән орындайды, 2012 жылы полиция қызметкерлерінің арасында ең үздік ән орындаушы атағына ие болған. Тамара Ивановнаның немересі, Еленаның қызы Залина ән салып қана қоймай, «Maibaum» аспаптық ансамбльге жетекшілік етеді, өзі сол ансамбль құрамында домбырада ойнайды. 

Фестиваль облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Бүркітқызының алғысөзімен басталды. Ол «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің қызметі облысымыздан тыс аймақтарға да танымал екендігін жеткізді.

- Халықаралық деңгейге жетіп, өңіріміздің брендіне айналған «Золотой микрофон» вокалдық байқауының бастамашысы болған осы неміс орталығы.  Байқау жеңімпаздарының көбі жарық жұлдыз атанды. Олар: Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі  Балуан Беркенов, халықаралық «Славянский базар» байқауының жеңімпазы  Ернар Садырбаев (Әміре) т.б. Неміс этномәдени бірлестігінің бастамасымен классикалық музыка кештері, көрмелер, кинофильмердің тұсаукесері,  Қазақстанда өмір сүретін атақты неміс азаматтарымен кездесу сынды маңызды іс-шаралар өткізіледі.

Біз ҚР бұрынғы Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рауды, Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары  Виктор Мейстер мен Евгений Аманды, «К.Маркс атындағы» ЖШС директоры Иван Вечтейнді, «Фрунзенское» ЖШС директоры Виктор Шерерді,  Приреченское» ЖШС директоры Владимир Шуллерді, жеке кәсіпкер Владимир Кригерді, Федоров ауданынан шыққан Финк дәрігерлер әулетін мақтан тұтамыз. Еңбексүйгіштігімен, Қазақстан жеріне деген сүйіспеншілігімен танылған көптеген азаматтарды атап өтуге болады, - деп жеткізді Бибігүл Бүркітқызы. 

Үш сағаттық фестиваль қас-қағым сәтте өте шықты, ұйымдастырушылар қатысушыларға Қазақ жеріндегі неміс мәдени қауымдастығының 30 жылдығына орай 2019 жылы бұдан асатын іс-шара өткізілетіндігін хабарлады. Қазіргі уақытта Қостанай қаласында 28 мың неміс азаматы өмір сүреді, бұл ұлт өкілдері сан басымдығы жағынан 4-орынға ие.