Chania
970
18.10.2018
«Анаға тағзым» - 2018 Аналар слеті жоғары деңгейде өтті!

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің өкілдері «Анаға тағзым» - 2018 республикалық Аналар слетін өткізуге белсенді атсалысты.

Қазақстан Аналары слетінің өткізілуі - ұлы аналарымызға деген құрмет.

Іс-шара мақсаты – отбасындағы аналар рөлін арттыру, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының негізінде болашақ аналарды тәрбиелеу.

Іс-шара ұйымдастырушылары Ақтөбе қаласының мәдени және әлеуметтік нысандарын танытуға арналған екі күндік (2018 ж. 20-21 қыркүйегі аралығында) ауқымды бағдарлама ұйымдастырды. Қатысушылар «Белый аист» болашақ аналар орталығы, «Жекпе-жек Сарайы», «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үй-мұражайы, Шығармашылық академиясы, «Семейный врач и СО» ЭКҰ медициналық орталығы, «Клиника Дару» медициналық оңалту орталығы, Неке сарайы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы т.б. мекемелердің қызметімен танысты.

Іс-шара қатысушылары Аналар слетінің пленарлық және секциялық отырыстарына, шеберлік сабақтарға, тренингтерге қатысты,  КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Социалистік Еңбек Ері  Вера Сидорова, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтбаева, ҚР ҰҒА академигі Раиса Күзденбаева, этнограф Зейнет Ахметова, даңқты ақын және журналист  Марфуға Айтхожина, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алтыншаш Жағанова, қазақ халық әндерінің орындаушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Бурмистрова сынды  еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан атақты аналармен кездесті.

Аналар слеті аясында  Ақтөбе облысының демеушілері мен тұрғындарының қолдауымен кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде Қазақ жерінде баламасы жоқ  «Анаға тағзым» рухани-танымдық тәрбие орталығының бой көтеруі мерейімізді тасытты.

Ақтөбе облысының әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлы аталмыш кешеннің рухани орталыққа айналып, еліміздің болашағы, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратындығын жеткізді. Орталықта жастарға, жас жанұяларға білім мен тәрбие беру, психологиялық-педагогикалық кеңес беру, психологиялық денсаулық, қолөнерге баулу, жалпы дамыту, музыкалық тәрбиелеу, стилистика және дизайн, отбасылық тренинг және өзге де қызметтерді іске асыратын кабинеттер жұмыс жасамақ.  

«Анаға тағзым» рухани-танымдық тәрбие орталығының салтанатты ашылуында Қостанай облысы Аналар слетінің өкілдері Демисенова Шнар Сапарқызы мен  Ертаева Балбөпе Ғалымжанқызы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы ұсынған өнімдерден «Шашу» шашып, өңіріміздегі жас жанұялармен және жастармен жұмыс жасау тәжірибесімен бөлісті.

  Іс-шара  «Анаға тағзым»  - 2018 Аналар слеті қатысушыларының барша Қазақстан халқына  мемлекетіміздің  көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың  аналар мен балаларды қорғауға бағытталған  саясатын қолдап, алға қойған міндеттерді орындау үшін бірлесе үлес қосу қажеттілігін айқындатқан үндеуімен  аяқталды.