Chania
873
12.10.2018
«Жомарт жан» жобасының жеңімпаздары анықталды

Облыстық Ассамблея "Жомарт жан" республикалық жобасының жеңімпаздарын марапаттады.

Аталмыш жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұйымдастырылып, былтырдан бері қолға алынған. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары әлеуметтік маңызға ие жұмыс атқарып, қоғам өмірін жақсартуға, меценаттық және қайырымдылық істерге бағытталған жобаларымен танылған азаматтарға табысталатын «Жомарт жан» төсбелгісі үшін республикалық іріктеуден өтеді.

«Жомарт жан» республикалық жобасының жеңімпаздары 11 қазан күні облыстық орыс драма театрында азаматтық форум аясында марапатталды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жеңімпаз азаматтардың елеулі қызметін бағалап сертификаттар мен кәдесыйларды тарту етті.   

СУСЛОВА Александра Ильинична – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, ҚР педагогика ғылымдары Академиясының мүшесі.  10 жылдан астам уақыт бойы ұлтаралық және конфессияаралық  келісім мен бірлікті нығайту мәселесімен айналысып келеді, бұл тақырыпта семинар-тренингтер өткізеді. Ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылыққа қатысты көптеген оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

САДЫҚОВ Ғалым Садықұлы – жоғары санатты дәрігер-хирург. 40 жылдан астам уақыт бойы Лисаков қаласында денсаулық сақтау саласында қызмет атқарады. 20 жыл бойы Қазақстанға ғана емес өзге де елдерге танымал «Мирас» ЖШС медициналық орталығын басқарып келеді. Көпсалалы сауықтыру орталығының ұстанымы - «Мейірімділік жаса!». Ғалым Садықұлы «Денсаулық сақтау саласының шебері», «Қолы алтын дәрігер», Лисаков қаласының құрметті азаматы атақтарына ие, «Шапағат» медалімен марапатталған.  

ШИЛО Мария Геннадьевна – 6 жылдан бері облысымыздың брендіне айналған «Жизнь на ладони» қайырымдылық жобасының үйлестірушісі.  Жоба авторлары облысымызда науқас балаларға көмек көрсетіп, қайырымдылықпен айналысатын жобаның іске асырылуын көздеген.

ЧЕРНОВ Владимир Федорович – Қостанай облыстық ауруханасының дәрігер-нейрохирургі,  «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Владимир Федорович кереует пен арбаларға танылған мүмкіндігі шектеулі жандарды тері ойылысынан арылту үшін ота жасау бастамасын қолға алған ел азаматтарының бірі.   Сәтті орындалған тәжірибе Қазақтанның барлық аймақтарында өз жалғасын тапты.

ЦВЕНТУХ Елена Семеновна – жоғары санатты мұғалім, білім беру ісінің үздігі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас-Ұлан» орталығын 30 жыл бойы басқарып келеді. Елена Семеновнаның біліктілік деңгейі, өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен сарқылмас шығармашылық шабытының арқасында «Жас-Ұлан» өлкеміздің мәдени өмірінің орталығына айналды. Елена Семеновна ҚР Президентінің алғысына бөленген, «Жыл адамы» атағының және «Әйел басқаратын ең үздік кәсіпорын» дипломының иегері.


Құрметпен

Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» РММ