Бүгін Қостанай облысында 10 000-нан астам адам жалпықазақстандық диктант жазды.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің кітапханаларымен, ЖОО-мен, мектептерімен бірлесіп «Астана-бейбітшілік бесігі» тақырыбына арналған жалпықазақстандық диктант өткізді. Аталмыш іс-шара Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Облысымыздың қалалары мен аудандарында бір мезгілде 10 000-нан астам адам парта басына отырды. Қостанай қаласы бойынша диктант бес алаңда өтті. Достық үйіне өздерінің сауаттылық дәрежелерін тексеру және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін диктант жазуға ниетті 50 адам жиналды. Диктант жазушылардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, студенттер, оқушылар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер болды.
Ең кіші қатысушымыз № 7 ОМ оқушысы, 10 жасар Талғат Латыпов. Ол диктантқа қатысуға анасы, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Латыпова Гүлнәрмен келді.
- Мен анамның диктант жазуға баратынын естіп, өзім де қатысам деп шештім. Мен қазақ тілін жетік меңгергім келеді. Біз мектебімізде диктантты екі апта сайын жазамыз. Жалпықазақстандық диктант мәтіні мектепте жазып жүрген диктанттардың мазмұнынан 2 есе күрделі болды. Мен сонда да жаздым, себебі өзімнің білімімді тексергім келді. Жалғауларды дұрыс қойдым деп айта алмаймын, бірақ жақсы баға аламын деген үміттемін, - деді Талғат.
«Учительская плюс» газетінің тілшісі Советова Айзат диктант жазып, мәтіннің қиын болмағандығын жеткізді.
- Мен мұнда диктант жазумен қатар, өзімнің сауаттылығымды тексеру үшін келдім. Өз жазба жұмысыма сырт көзбен қарағым келді. Біз диктофонмен, компьютермен жұмыс жасаймыз, ал мұнда мәтінді мұқият тыңдап, жадымызда сақтап, қаламмен жазу қажет. Маған диктант жазу барысы ұнады, диктантты соңғы рет мектеп қабырғасында жазыппын, - дейді Айзат.
Достық Үйі алаңында 4 адам диктантты үздік бағаға жазды, олар: Гүлдана Кенжеғарина, Күләш Омарова,Әсел Назарова және Айжан Бекманова.
Облыстық Достық Үйінің баспасөз қызметі