Бүгін Қостанай жұртшылығы Қазақстан халқы бірлігі күнін думандатуға қала орталығына жиналды. Татулығы жарасқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері мейрамға арналып ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шараларға куә болды.
Облыста тоқсаннан астам ұлт бірлігі жарасып өмір сүріп жатыр. Тілектес, пейілдес ағайын биыл да ортақ мереке аясында дос көңілмен қауышты. Ақадал дастархандарын жайып, ұлттық өнерлерінен шашу шашты.
Облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да думанның шырайын келтіргендей.
Жиылған жұртты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп құттықтап, мызғымас бірлік қана бейбіт те баянды болашақтың кепілі болатынын айтты.
— Қазақ жеріне қоныстанған өзге этнос өкілдері жергілікті халықпен етене жақын араласып, бір атаның баласындай болып кетті. Біз үшін достық, бауырластық ұғымы тым бағалы. Қоғамдық келісім мен өзара түсіністік – еліміздің өркендеуінің негізі. Біздің еліміз осы бірліктің күшімен түрлі белестерді бағындырып келеді. Өңірдің дамуына қай-қайсымыздың да қосып жатқан үлесіміз өлшеусіз. Өткен жылы ынтымағымызды бекемдей түсетін елеулі оқиғалар өткенін де жақсы білесіздер. Мәселен, "Сабантой" мейрамын бір кісідей атап өтіп, Татарстан президенті Р.Минехановты мейман қылдық. Өзге көршілес бауырмал ағайынмен арамыз тату. Түрлі ұлт өкілдері қай мерекені де ортақтасып қарсы алады. Бұл – өзара мығым достығымыздың нышаны. Олай болса, бірлесіп көтеріп отырған шаңырағымыз аман, мереке құтты болсын, — деді өңір басшысы.
Мұнан соң Архимед Бегежанұлы облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясына 2,5 млн теңгенің сертификатын тапсырды. Бұл қаржы жергілікті этно-мәдени бірлестіктердің офистерін жарақтандыруға жұмсалмақ.
Жиылған жұртшылық тамашалар қызық аз болған жоқ. Мәселен, ұлттық алкогольсіз сусындар көрмесі биыл алғаш рет ұйымдастырылды. "Бейбітшілік бояуы" сурет көрмесіне қостанайлық қылқалам шеберлерінің үздік туындылары қойылған. "Би өнері – әлемнің рухани елшісі" атты түрлі ұлт билерінің шеруі де думанның шырайын кіргізді. "Орамал – ұлттық мәдениеттегі әйел сұлулығының нышаны" музыкалық-этнографиялық қойылымы ерекше сәнімен баурады. Шара одан әрі облыс өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мерекеге орай тоғызқұмалақтан және үстел теннисінен турнирлер өтіп жатыр. Ол туралы ақпарат кейінірек берілетін болады.
Источник: kostanaytany.kz