Қостанай облысының «Ассамблея жастары» мүшелері «Менің жетістігім - Тәуелсіздігімнің жетістігі» патриоттық жастар форумын өткізді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ «Smart-орталығында» өткен кездесу өңірдің студенттері мен жас мамандарын жинап, жастардың тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуына қосқан үлесін талқылады.
Жиналғандардың алдында өз қызметінде белгілі бір жетістіктерге жеткен жастар өкілдері сөз сөйледі.
Astana Hub өңірлік менеджері Дамир Мнайдаров стартаптар мен инновациялық жобаларды дамыту мүмкіндіктерімен бөлісті. ҚХА мүшесі Екатерина Гедзур аймақтың әлеуметтік-саяси өміріндегі жастар ұйымдарының рөлі туралы баяндады. Полиция капитаны, «Мамандық үздігі» республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы Данагүл Кәрімова құқық қорғау органдарындағы қызметі және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кәсібиліктің маңызы туралы айтып берді.
"AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" жастар қанатының төрайымы Аружан Сәрсенбаева жастар саясатының және жастардың қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуының маңызды мәселелерін қозғады. "Қостанай облысының ресурстық орталығы" волонтерлік секторының үйлестірушісі Юрий Вагин волонтерлік қызмет тәжірибесімен және оның қоғамдық санаға беретін әсерімен бөлісті.
Форум соңында спикерлерге жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Форум жастар арасында тәжірибе алмасу және патриоттық рухты нығайту үшін маңызды алаңға айналды.