Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» қоғамдық жобасы бойынша кеңейтілген отырыс өтті.
Кездесу Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өтті. Өз сөзінде ол этносаралық және конфессияаралық келісім - біздің ұлттық брендіміз екенін атап өтті.
Сондай-ақ, жиналғандар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов сөз сөйледі. Ол этноәлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтауға және алдын алуға бағытталған ҚХА «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» атты жаңа қоғамдық жобасы туралы баяндады. Бұл жоба Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында сынамалы тәртіпте іске асырылды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов және Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының м.а. Динара Қарымсақова сөз сөйлеп, Қостанай облысындағы этносаралық ахуалдың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты ұсынды.
Кездесуден кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов облыстық Достық үйіне барып, қауымдар кабинеттерімен танысып, бейресми жағдайда ЭМБ төрағаларымен сөйлесті.