Chania
931
10.10.2016
Қостанайдағы Қоғамдық келісім кеңестерінің форумы

Бірінші облыстық форум «Азаматтық, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік принципінде қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамытудағы ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі» тақырыбымен болып өтті.
Форум делегаттары қатарында аудандық, қалалық Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, ішкі саясат бөлімінің басшылары, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, БАҚ өкілдері болды.
- Бүгінгі күні Қостанай облысында 268 Қоғамдық келісім кеңесі қызмет атқаруда, оның ішінде 12-сі үстіміздегі жылы құрылған. Үш кеңес ССКӨБ АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ және «Орион минералс» ЖШС сияқты үлкен кәсіпорындарында жұмыс атқарады. Жалпы алғанда кеңестер жұмысына 2000-нан астам адам тартылған, ал оларды өңірдің атақты, құрметке бөленген маслихат хатшылары, мектеп, ЖШС директорлары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, шаруа қожалығы басшылары, дәрігерлер, мұғалімдер, медиаторлар басқарады. Олардың барлығы аймақтарда қоғамдық пікірдің көшбасшылары, беделді қоғам қайраткерлері. Этникалық құрамы бойынша Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары қатарына 11 этнос өкілі-қазақ, орыс, украин, беларус, неміс, татар, азербайжан, чуваш, грузин, молдован, өзбек сайланды. Осындай сапалы кадрлық құрамы бар Қоғамдық келісім кеңестерін халықтың кез келген өзекті мәселелерін талқылау нақты шешімдерді әзірлеп қабылдау және қоғамдық бастамаларды қолдау үшін жан-жақты диалогтық алаңша ретінде сипаттайды, - дейді КХА облыстық хатшылығы меңгерушісі Гүлвира Құдайқұлова. – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту жылы «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы аясында Қоғамдық келісім кеңестері жұмысында әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға көмек көрсету, балалар үйіне, қарттар үйіне, көпбалалы отбасыларына барып қайырымдылық жасау басты назарға алынды. Барлық жерде саяси қуғын-сүргіндер ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, «Ақ орамал» акциялары болып өтті, Президенттің жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» Манифесін қолдау мақсатында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдаулар, медиатор кабинеттері тұрақты түрде жұмыс атқарады, онда кез келген адамның толғандыратын мәселе бойынша кеңес немесе құқықтық көмек алуға мүмкіндігі бар.
Форум соңында Қоғамдық келісім кеңесінің жеті мүшесі облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды, ал делегаттарға аймақтық Қоғамдық келісім кеңестерінің оң жұмысы жайында ақпараттық буклеттер берілді. Арқалық қаласы ҚКК мүшесі Арыстан Айтмағамбетов жақын арада қайта бас қосып, жергілікті авторлардың этникааралық кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, ол еңбектерді бір монографияға жинақтау жөнінде ұсыныс жасады:
- Мысалға бізде биылғы жылы Арқалық қаласының 60 жылдығына арналған кітап жарыққа шықты. Оның бір тарауы қаланың өсіп өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосқан, есімдері көшелерге берілген адамдарға арналған. Олардың қатарында қазақ, орыс, украин, беларус, татар да бар. Бұл Ассамблеяның, біздің кең байтақ еліміздің тарихына қосқан баға жетпес үлесі емес пе. Бірлігі мен тұтас келешегі бір ұлы ұлтты нығайту бойынша «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыра отырып, осындай адамдардың ерлігін мысалға келтіріп қазақстандық патриотизмді балалардың, немерелердің бойына сіңіріп, тәрбиелеуіміз қажет.

«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі