Әлеуметтік желілердегі жұмысты күшейту, «Мектеп медиациясы» жобасының өрісін кеңейту, барлық жоғары оқу орындарында ҚХА кафедраларын құру.
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім жолымен» халықтық экспедициясы аясында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткен дөңгелек үстел жұмысының нәтижесінде осындай ұсыныстар пайда болды.
Қазақстан этностарын біріктіру және үйлестіруге, сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған жыл сайынғы жоба биыл Қостанай облысынан бастау алды.
Кездесу барысында этносаралық келісімге қатысты маңызды мәселелер қаралды. Мәселен, ҚХА қоғамды шоғырландырудағы рөлі, сондай-ақ Қазақстанның этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтары туралы Астана қаласы түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев пен ҚР этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің бас сарапшысы Нәжен Сәрсембеков өз сөздерінде баяндап өтті.
М. Қозыбаев атындағы СҚУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Гривенная Людмила өз сөзінде өзекті контент тақырыбын қозғап, барлық жоғары оқу орындарында ҚХА кафедраларын құруды ұсынды.
Дөңгелек үстел өткеннен кейін спикерлер басқа диалог алаңдарына барып, әр түрлі топтағы жастарға ақпараттық және этносаяси сауаттылық бойынша дәріс және практикалық сабақтар өткізді.
Сондай-ақ, экспедиция аясында олар біздің облыстың киелі жерлеріне барады. Келесі бару бағыттары Көкшетау мен Петропавл болады.