Бүгін Қостанайда 1937 жылғы қуғын-сүргін зардабынан қаза тапқан корейлерге арналған мемориал ашылды.
Корейлердің Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылуының 85-жылдығы аясында КСК ауданындағы ескі зират аумағында Қостанай облысының корей қауымдастығы ескерткіш тақталар орнатты.
- Зорлық-зомбылықпен қоныс аударылған корей халқы суықтан, антисанитария мен әлсіреу салдарынан жаппай өлімге ұшырады - дейді ЭМБ төрайымы Ульяна Ким. - Келгеннен кейін адамдар депортацияның ауыртпалығын жеңе алмаған жақындарын осында жерледі. Біз - қуғын-сүргінге ұшыраған корейлердің ұрпақтары - олардың басынан өткергенін еш уақытта ұмытпай, қазақ халқының қолдауы мен көмегінің арқасында ата-бабаларымыздың өз өмірлерін әрі қарай жалғастырып, жұмысқа қосылып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосқандарын есте сақтауымыз керек.
1965 жылы жабылған зиратты тазартып, мемориалды орнату шешімін ЭМБ белсенділері екі жыл бұрын қабылдаған еді. Осы уақыт ішінде аумақты тазарту, қоршау, тас ескерткіштерді жасау және орнату орнын дайындау бойынша көп жұмыстар атқарылды. Бүгін, 7 қазан күні, мемориалдың ашылуы болып өтті.
Іс-шараға корей қауымының мүшелері ғана емес, басқа этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» жастар ұйымының белсенділері қатысты.