Chania
217
16.09.2022
Қостанайда үздік әкелерді марапаттады

«Әке – асқар тау» атты үшінші әкелер фестиваліне облыс аудандарынан келген жеті әке бас қосты.

Әкелерге арналған аталмыш мерекені 2018 жылы Аналар кеңесінің белсенділері бастаған болатын. Бұл бастама қатысушыларға да, көрермендерге де ұнап, фестивальді жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданған еді. Екінші фестиваль 2019 жылы болып өтті.  Алайда, пандемия кезеңі өз түзетулерін енгізіп, тек биыл, екі жылдан кейін фестивальді қайтадан үлкен сахнада өткізу туралы шешім қабылданды.

Бүгін Мирас МҮ-не жеті қатысушыны қолдауға келген 300-ден астам адам жиналды. Қатысушылар Ұйымдастыру комитетіне сауалнама мен бейнепрезентацияларын ұсынып, өздерінің күнделікті өмірлерін, балаларымен және жұбайларымен қарым-қатынастарын көрсетті. Осы бейнероликтер негізінде қазылар алқасы өз қорытындысын шығарып, тапсырмаға барынша жауапкершілікпен қарайтын ең креативті жеті әкені таңдады. Кейін финалистерді марапаттау рәсіміне шақырды.

Олардың қатарында:

- фитнес-жаттықтырушы Вячеслав Сметанин (Қостанай қ.);

- музыкант-мульти аспапшы Марат Омаров (Меңдіқара ауданы);

- кәсіпкер Владимир Маслов (Қостанай қ.);

- технология мұғалімі Нұрлан Тешебаев (Денисов ауданы);

- дене шынықтыру мұғалімі Даулет Мукушов (Қостанай ауданы);

- Әулиекөл АЭЖ Науырзым учаскесі «ЭПК-Форфайт» ЖШС басшысы Андрей Жигалко;

-Қостанай облыстық фтизиопульмонология орталығының рентген-зертханашысы Нұрлан Жаңабаев болды.

Әр әке жеке шеберлік сабағында өз өнерлерін көрсетті: ер адамдар гантель көтеріп, ән шырқады, тіпті алғашқы медициналық көмек көрсетудің негіздерін де көрсетті.

Үздік әкелер мәртебесін арттыру және қолдау белгісі ретінде барлық қатысушыларға дипломдар беріліп, сыйлыққа тұрмыстық техника сатып алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыс етілді.