Облыстық Достық үйі көктемнің күн мен түн теңескен мерекесі күні қостанайлықтар мен қала қонақтарына 18 этномәдени бірлестік жайған берекелі дастархан ұсынды. Дастарханда этностардың көптеген түрлі тағамдары: дәстүрлі наурыз көжеден бастап, бауырсақ, пахлава, самса, чак-чак, орама, пирожки, хворост, ватрушка, кекс, самбуса, барак, пампушка, кулебяка, бәліш сияқты ұлыстың тағам түрлері болды.
-Наурыз бірліктің, достықтың мерекесі, сондықтан біз дастарханға әр этносқа тән дәмді тағам түрлерін орналастыруға тырыстық, - деді Достық үйінің директоры Қаламқас Сандыбаева. – Осы керемет мейрам күні әр үйдің есігі қонақтарға ашық болады, біз далаға шығып дастархан жайып, көшедегі адамдарға осы күннің басты тағамы - наурыз көжемен бірге тамақтан ауыз тигіздік.
Ұлттық киімдерін киген әр тілде Наурыз, көктем мен достық туралы өлең айтып, би билеп жатқан дастархан иелерінің қолынан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов дәм татты. Мұның алдында өңір басшысы киіз үй қалашығында болып, «Бірлік» әзербайжан ЭМБ, корей ЭМБ, «Шарк» тәжік-өзбек ЭМБ, «Вайнах» шешен-ингуш ЭМБ және «Эребуни» армян этномәдени бірлестіктерінің киіз үйлеріне кіріп шықты. Бұл күні әрбір қауымдастық тағамдарымен бірге мерекелік бағдарламаларын да дайындап көпшілікке ұсынды. Киіз үйлердің жанында ұлттық аспаптармен сазды әуендер орындалып жатты, жігерлі жас жігіттер лезгинка биін билеп, қыздар ән шырқады.
-Наурыз даналық пен жақсылықтың мерекесі, ол сонау көне заманнан бастау алады. Қазақстан халқы үшін Наурыз көктемнің жаңғыруы, махаббаттың, бақ-берекенің және достықтың символы болып табылады. Көктем келе, алғашқы жылумен айналаның барлығы тіріліп, көтемнің ауасына жақсы өзгерістер мен шуақты келешекке деген үміт сіңетін сияқты. Осы мейрам Қазақстан халқын біріктіреді, дейді ОҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлвира Құдайқұлова.
«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі