Chania
398
15.12.2021
Мерейлі марапат

Қостанайлық меценаттар мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық жасаушылары  Елордада марапатталды.

«Қайырымдылық керуені» республикалық форумы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне, меценаттарға, еліміздегі бірлік пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық марапаттар табысталды.

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қос өкілі экономика, ғылым, мәдениет, білім салаларын дамыту жолындағы ерен еңбегі үшін жоғары дәрежелі марапат – «Құрмет» орденімен марапатталды.

М. Горький атындағы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенко және облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Гүлжауһар Төлегенова Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Әзілхановтың қолынан марапат алды.  

«Бирлик» әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Рафаил Гаджибалаев қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін «Жомарт жан» төсбелгісін иеленді. Этномәдени бірлестік ауқымды іс‑шаралар өткізіп қана қоймай, игі істермен айналысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауында тұрған, қызметін жандандырып жүрген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-cараптамалық тобының мүшесі Вишниченко Валерий Георгиевичке Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет мадақтамасы табыс етілді.