Chania
314
11.11.2021
Жастар, мемлекеттік тіл және жаңа Достық үйі

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау бағытталған республикалық лекторий аясында жастарға мемлекеттік тілді меңгерту, мемлекеттік тілді нығайту, жаңа Достық Үйін құру мәселелері талқыланды. Астанадан келген спикерлер қатысушыларды өздерінің қызметімен таныстырды, этномәдени бірлестіктер мен консультативтік-кеңестік органдардың төрағаларымен жұмыс тәжірибесімен алмасты.  «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі (Нұр-Сұлтан қ.) Аскер Пириев жастарды мемлекеттік тілді үйренуге тартудың маңыздылығын жеткізді. 


«Біздің бірлестік талай жылдар бойы оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында республикалық олимпиада өткізіп келеді, бұл ретте, іс-шараның қызықты болуы және қатысушыларды ынталандыру маңызды. Бүгінгі таңда жастарды заманауи гаджеттер қызықтырады, мұндай сыйлықтар арқылы жастарды мемлекеттік тілді меңгертуге арналған жобаларға тартқан жөн. Сонымен қатар, бірлестік мүшелері қызығушылықтары ортақ адамдар арасында кездесу ұйымдастырады, олар өздерін толғантатын мәселелердің шешімін табуға тырысады. Осындай кездесу барысында жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын «Менің елім – менің тілім» қозғалысы пайда болды», - деді Аскер Пириев.


Іс-шара барысында  тарихи-өлкетану мұражайында орналасқан Достық Үйі деп аталып кеткен «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы үшін жеке ғимарат салу мәселесі көтерілді. 
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Достық үйлері барлық азаматтық қоғам институттары үшін ресурстық орталықтарға айналуы тиіс екенін атап өтті. Қостанайда Достық үйін  құру  туралы келіссөздер 2019 жылдан бері жүргізіп келеді, алайда пандемия салдарынан бұл жұмыс кейінге шегерілді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіліп, этномәдени бірлестіктер жақын арада жаңа ғимаратқа көшеді деген сенімдеміз», - деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Хадиша Ерсейітова. 


Кездесу соңына қарай өңірдегі этносаралық келісімді сақтауға елеулі  үлес қосқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының сегіз белсенді мүшесі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың қолтаңбасы қойылған алғыс хаттармен марапатталды.