А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жобалық кеңсесінде сан түрлі конфессия өкілдерімен кездесу өтті.
Имам Әлішер Балахмет, протоиерей Виталий Клеба және «Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рамазанова Наталья Сергеевна бірінші курс студенттерімен кездесіп, бірлік пен келісімнің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында жас өрендер «Дін - қазақстандық қоғамды қалыптастыратын біріктіруші фактор» екендігін ұғынды. Спикерлер жастарға діннің ұлтқа бөлінбейтіндігін және әрбір азамат өзінің жеке наным-сеніміне байланысты конфессия таңдай алатындығын жеткізді.
«Бүгінгі кездесу жемісті өтті. Жастармен бұл бағытта іс шаралар өткізудің мәні зор деген ойдамын. Қазіргі таңда жастар дінге бет бұруда, аға буынның басты міндеті – өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар беру және біздің ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінбейтін біртұтас Қазақстан халқы екенімізді тағы да еске салу», - деді Наталья Рамазанова.