Chania
406
22.09.2021
«Қоғамдық келесім» мекемесінің қазақ тілін үйренемдеушілерге есігі ашық

«Мәміле» ситуациялық қазақ тілі» атты курсы өз жұмысын бастады

2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырысымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен барлық өңірлерде мемлекеттік тілді үйрететін «Мәміле» ситуациялық қазақ тілі» атты курсы өз жұмысын бастаған болатын.

Осы бастамаға орай, өңіріміздегі «Қоғамдық келісім» мекемесі 2020 жылдың басынан бастап аптасына үш рет қазақ тілін үйрететін курсты қолға алған еді. Ол кездері аталмыш курсқа барлығы 45 адам қатысып, үш топқа бөлініп қазақ тілін меңгерген. Өкінішке орай, бұл курс елімізде коронавирус жұқпалы дертінің таралуына орай, наурыз айында енгізілген төтенше жағдайға байланысты тоқтатылған болатын. Қауіпті дерттің таралуына жол бермеу мақсатында бір жерде көп адамның шоғырланып отыруына тиім салынғаны, мемлекеттік тілді үйренемдеушілерге үлкен кедергі болғаны белгілі.

Әрине, мемлекеттік тілді үйренем деушілер үшін карантин уақытында 14 сабақ онлайн форматта өткізілген екен. Бірақ бұл тілді еркін меңгерсем деген жандар үшін жеткіліксіз болыпты. Енді міне өңіріміздегі карантиндік шектеулер жеңілдетіліп, бір жерге 50 пайыз толымдылықпен тіл үйрету сабақтарын өткізуге рұқсат етілген кезде аталмыш курстың жұмысы қайтадан жандана түскен. Бұл жолғы курсқа барлығы 15 адам келді. Әртүрлі ұлт өкілдері. Басты мақсаттары қазақ тілін еркін меңгеру.

– Біз «Мәміле» ситуациялық қазақ тілі» курсын барынша жандандыруды қолға алып отырмыз. Аты айтып тұрғандай мұнда келушілерге белгілі бір ситуацияда қазақ тілінде сөйлеуді үйретеміз. Мысалы, адам кітапханаға, дәріханаға, мектепке, дүкенге, музейге, емханаға барған кездері қазақ тілінде өздерінің ойларын толық жеткізуді үйренеді. Бұл процесс белгілі бір жүйемен іске асырылады. Атап айтсақ, осы аталмыш орындарға барғанда пайдаланылатын сөздер мен сөйлемдерді бірінші теориялық тұрғыда өзіміздің мекемеде үйретіп, сосын осы үйренген сөздерін жоғарыда аталған орындарда яғни тәжірибеде қолданып, қазақ тілінде еркін сөйлеуге баулимыз. Бұл бастаманы біз «Қоғамдық келісім» мекемесінің барлық әлеуметтік желілеріне орналастырып, тіл үйренемдеуші жандарды шақырдық. Міне, бүгінде қазақ тілін еркін меңгерсем деген жандардың саны артып келеді. Сонымен қатар аталмыш курста өткізілген сабақты мекеменің «инстаграм» парақшасы мен «ютуб» каналы арқылы тамашалауға болады, – дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысының орынбасары Айжан Бекманова.

Қазақ тілін үйрететін курсқа келген тыңдаушылар сабақтың басында өздерін мемлекеттік тілде таныстырып, аты-жөнін, қайда жұмыс істейтіндерін айтып өтті. Осындай қазақ тілін еркін меңгерсем деп алдына мақсат қойған жандардың бірі Ирина Щербакова.

– Мен қазақ тілін мектепте оқып жүрген кезде еркін меңгерсем деген едім. Бірақ өзім білім алған Қарасу ауданына қарасты Комсомолск ауылының орта мектебінде ондай мүмкіндік болмады. Тек мектепте сабақ барысында ғана оқитынмын. Маған қазақ тілінен қосымша сабақ керек болды. Кейін 9 сыныпты аяқтап, Қостанай қаласындағы колледждердің біріне оқуға түсіп, осындағы мемлекеттік тілді үйрететін курстарға қатысуды жөн көрдім. Маған қазақ тілі өте ұнайды. Қазақша еркін сөйлесем деймін. Сөйтіп, әлеуметтік желілерде ақтарып отырып, «Қоғамдық келісім» мекемесінде тегін мемлекеттік тілді үйрететін курс жұмыс істейтінін, мемлекеттік тілді үйренсем дейтін жандарды шақырып жатқанын көрдім де бірден хабарласып, курстың өтетін уақытын білдім. Міне, бірінші рет осындай курсқа қатысып отырмын. Маған бәрі түсінікті, қазақ тілін үйрену қиын емес екенін де байқадым. Ең бастысы менде мемлекеттік тілді жетік меңгерсем деген мақсат бар. Ал мен өз мақсатыма жетпей қоймайтын адаммын, – дейді ол.

«Мәміле» ситуациялық қазақ тілі» курсы «Қоғамдық келісім» мекемесінде апта сайын сейсенбі және бейсінбі күндері жүргізіледі. Қазақ тілін үйренем деген жанға есік айқара ашық. Ал бүгінде осы курсқа келіп, мемлекеттік тілді меңгеріп жатқан жандарға сәттілік серік болсын, алдарына қойған мақсаттары орындалсын деген тілегімізді білдіреміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Көшіру: https://top-news.kz/o-amdy-kelesim-mekemesini-aza-tilin-jrenemdeushilerge-esigi-ashy