Chania
512
10.08.2021
Дана Абай

Былтырдан бері 10 тамыз – «Абай күні» болып қабылданды. Күнтізбемізге енген жаңа мереке қазақтың Ұлы ақынының 175 жылдық мерейтойында бекітілген болатын. Барша адамзаттың ақыны болған ұлы Абай күнінде ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани даму мақсатында түрлі шаралар өтуде. «Ұлы ақынды бір күнде емес, жыл бойы танып, дәріптесек те артық емес.

Абай мен үшін мәдени, әдеби азық алатын ұлы тұлға» дейді ұлты орыс болса да қазақ тілінде сайрап тұрған Анель Пимичева. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ Абай шығармасымен жете танысып, сусындап өскен қыз менің тіл үйренуге деген ынтамды ашқан ақынның өлеңдері дейді. Анель бүгінде Қостанай өңірлік университетінің 2 курс студенті. Қаладағы №20 мектепте қазақша білім алған.

– Бүгін үлкен мереке. Ұлы ақынның туған күніне орай осы күн таңдап алынды. Бұл күннің, жалпы Абай есімі мен үшін өте маңызды. 2019 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы бекітілгенде біз жастар болып, Елордада өнер көрсеттік. Осыдан бастап менің қоғамға белсенді араласа түсуім артты. Көптеген форумдар мен мәдени шараларға қатыса бастадым. Абай күнінің аталып өтуі өте маңызды. Дәл осы күні жақсы шаралар мен әдеби кештер ұйымдастырылса, жастарды ақынның шығармаларымен жіті таныстырып, талқылайтын болсақ қандай тамаша болар еді.

Абайға тек бір күн емес, жыл бойына түрлі шаралар арнап тұрғанымыз абзал. Көре білген жанға Абайдың әр сөзі өнеге, – дейді Анель. Бұл ойды Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Денис Качеев те қолдайды. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 10 тамызда Қазақстан Республикасында жыл сайын жаңа мереке — Абай күні атап өтіледі. Бұл қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алатын және «мәдени кодтың» қалыптасуына елеулі әсер еткен Абай Құнанбаевтың рухани мұрасын лайықты мойындау деп ойлаймын. Бүгінгі таңда біздің қоғамда қоғамдық сананы жаңғырту жүріп жатқанда, Абай мұрасы ерекше стратегиялық маңызға ие болады. Мәдениеті мен тәрбиесі жоғары, білімді және жан-жақты дамыған адам Қазақстанның одан әрі дамуына негіз бола алады.

Абайдың идеяларына бой алдырмай, оның жақсы қоғам туралы ойларын жүзеге асырмай, ондай адам болу мүмкін емес. Біз адамгершілігімізді сақтай отырып, білімге ұмтылып, Қазақстанның игілігі үшін адал еңбек етіп, ұлы ойшылдың лайықты мұрагерлері болуымыз керек, – дейді ол.

Ақпарат мына сайттан алынды: http://www.kostanaytany.kz