Chania
548
05.05.2021
Ардагерлерге зор құрмет!

Қостанай облысының этномәдени бірлестіктері ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады. 
Қауымдастықтың төрағалары мен жастар қанаттарының өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» жобасы аясындағы «Достық дастарқаны» атты қайырымдылық акциясына қатысып, келешек ұрпаққа жарқын болашақ сыйлаған отыз үш қаһарманға азық-түлік жиынтықтарын табыстады. 
«Шарк» тәжік-өзбек қауымдастығы төрағасының орынбасары Восиев Фатох майдангер Подоляков Михаил Ивановичті келе жатқан мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. 
«Мен салауатты өмір салтын ұстанамын, спортпен шұғылданамын, Тобыл жағасында серуендегенді жақсы көремін. Қазір қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман, қаламыз көркеюде, бейбіт елде өмір сүргенге не жетсін, әлемде соғыс болмасын! Әрбір азамат өзін-өзі жетілдіріп, туған жерінің өркендеуіне үлес қосуы тиіс», - дейді кеудесі марапаттарға толы ардагер Михаил Иванович.  
«Біз ұлт пен ұлысқа бөлінбей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірліктің арқасында арқасында жеңіске жеттік. Достық пен татулықтың шаңырағына айналған, құндылықтарды ұлықтайтын Ассамблея ұжымына мың алғыс», - деді Венгрия, Австрия, Чехословакия елдерін фашизмнен азат етуге қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагері, кеудесі марапаттарға толы Алдабергенов Қасымхан Алдабергенұлы. Елге аман-есен оралған майдангер соғыстан кейінгі жылдары мұғалім, тілші болып жұмыс жасады. 
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы игі іс-шараны жүзеге асыруға атсалысқан «Возрождение» неміс этномәдени орталығына, «Шарк» тәжік-өзбек қауымдастығына, «Эребуни» армян қауымдастығына, «Бирлик» әзірбайжан қауымдастығына, «Асаба» қырғыз қауымдастығына, жеке кәсіпкер Файзиев Кудратулла Рахматуллаевичке және "Жас-Канат-2006" ЖШС-не алғыс білдіреді.