Достар, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Рақмет, Қазақстан!» атты тамаша ән жарық көрді. Туған жерге деген махаббатты паш ететін әсем ән - жергілікті өнерпаздардың туындысы. Ән мәтінінің авторы біздің жерлесіміз, танымал ақын Александра Суслова. № 1 музыкалық мектептің 5-сынып оқушысы Ангелина Гуцан есімді жас дарын өзінің тәлімгері Ботагөз Бигабылованың жетекшілігімен әннің әуенін шығарды. Туындыны Андрей Иванович Коротченко мен Дамир Абаев сынды аранжировщиктер өңдеді.
Мария Кубжасова, Виктор Федянин, Никита Остапенко, Жанар Жақсыбаева сынды орындаушылар және ҚХА балалар вокалдық ансамблі патриоттық әнді нақышына келтіре орындап, тыңдармандарды таңдай қақтырды. Музыкант, он саусағынан өнер тамған домбырашы Наурызбай Әмірхамзиннің сүйемелдеуі шығармаға қайталанбас бояу, жан сергітер реңк берді.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан шығармашылық ұжымға зор алғысымызды білдіреміз. Бұл ән барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алып, Қазақстан халқы бірлігі күнінің әнұранына айналатындығына сенеміз!