Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық конкурсын өткізеді. Тәлімдік іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысады.
Конкурстың мақсаты – өзгермелі әлем жағдайында Қазақстанның этносаясатын жетілдіруге бағытталған жаңа идеяларды табу. Конкурстың құрылтайшысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Конкурстың негізгі тақырыптық бағыттары:
1) Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық, қоғамдық келісім мен бірлік институты ретінде;
2) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы
Н.Ә. Назарбаевтың жаһандық бастамалары контексіндегі татулық пен келісім идеялары;
3) Азаматтық бірлік, этномәдени және конфессиялық әралуандылық қазақстандық қоғамды топтастырудың құндылық негіздері мен факторлары ретінде;
4) Ұлттық код және қоғамдық сананы жаңғырту;
5) Әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы еңбектеріндегі бейбітшілік және келісім құндылықтары.
Конкурсқа жас зерттеушілер, студенттер, магистранттар мен докторанттар (соның ішінде PhD дәрежесін иеленуге арналған диссертациясын соңғы үш жыл ішінде қорғағандар), 35 жасқа дейінгі оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері, Қазақстандағы ғылыми-сараптамалық қауымдастықатрдың өкілдері қатыса алады.
Әрбір үміткер тек бір өтінім бере алады. Бір үміткердің екі және одан көп өтінімде бірлескен авторлығына рұқсат етілмейді.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
1) конкурстың өңірлік кезеңі;
2) конкурстың республикалық кезеңі (жобалар сырттай іріктеледі);
3) конкурстың қорытынды кезеңі (қатысушылар өз жобаларын таныстырады).
Конкурстың өңірлік кезеңі 2021 жылдың 20 наурызы-20 мамыры аралығында өткізіледі.
Конкурсқа ұсынылатын материалдарды 2021 жылдың 20 мамырына дейін domdrujby@mail.ru электрондық поштасына жіберуіңізді сұраймыз, ғылыми жобалардың түпнұсқасы Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 115-үй мекенжайына жолдануы тиіс. Анықтама телефоны: 39-28-30.