Chania
568
25.02.2021
Жүректен шыққан алғыс жүректерге жетеді

Облыстық Достық Үйінде білім алушылардың арасында өткен «Алғыс айту күніне арналған үздік логотип» және «Алғыс әуені» байқаулары қорытындыланды.

 
Бір ай барысында 100-ден астам логотип және 20 авторлық туынды қабылданды. Әділқазылар жас дарындардың арасынан байқау жеңімпаздарын  анықтады.

 
«Алғыс айту күніне арналған үздік логотип» байқауында Қарабалық кентінің оқушысы Ростислав Фоменко І орынды, Амангелді ауданының оқушысы Інжу Мақсұтова және Әулиекөл ауданының оқушылары  Әлібек Исмағамбетов пен   Жансая Мәкенова ІІ орынды иеленді, Рудный қаласының оқушысы Юрий Рыбаков,  Қостанай ауданының оқушысы Чемдуж Анастасия және Әулиекөл ауданының өрендері Бекеева Гүлназ, Демянчук Эстэль, Ясунскайте Алина ІІІ орынды қанжығаларына байлады. 


Рудный қалалық № 2 гимназиясының ұстаздары мен оқушылары патриоттық ән шығарып, «Алғыс әуені» байқауының жеңімпазы атанды. Лайықты еңбек демалысына шыққан ұстаз Буньковская Наталья Евгеньевна мәтінін жазса, Валерий Обруч пен Елена Аринович сынды оқытушылар әуенін шығарыпты, ал жоғары сынып оқушылары Полина  Касымская мен Елизавета Мальцева музыкалық туындыны нақышына келтіріп орындап шықты. 


«Біз шығармашылық топ құрып, бірге іздендік.  Бұл ән бүгінде мектебіміздің қабырғасында айтылып жүр. Ұлы ақын Абайдың сөзімен айтатын болсам, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» туынды шығардық,  еңбегіміздің елеусіз қалмағаны көңіл қуантады», - дейді Елена Аринович. 


Іс-шара жоғары деңгейде өтті, барлық қатысушыларға Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының атынан  дипломдар мен сыйлықтар табысталды.